Қызылорда қаласы Титов кентіндегі №31 үйдің тұрғындары дабыл қағуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда қаласы Титов кентіндегі №31 үйдің тұрғындары дабыл қағуда

04.03.2019

Осыдан 31 жыл бұрын салынған 5 қабатты тұрғын үйде қордаланған проблема көп. Жұртшылық құзырлы орындардың барлығына арыз жазған, бірақ, нәтиже жоқ. Әбден ашынған олар енді коммуналдық төлем жасаудан бас тартпақшы.

5 қабатты, 155 пәтерлік тұрғын үй 1988 жылы пайдалануға берілген. Алайда, сол уақыттан бері мұнда бірде-бір рет жөнделмеген.

Баян Төлемова, үй тұрғыны:

- Үй күннен күнге бір жағына қарай қисайып бара жатыр. Титовта бір емес, екі жатақхана құлады. Содан кейін қорқамыз. Қалай болады, не болады? Түнде ұйықтауға да қорқамыз.

Жүзімгүл Ыбырайымқызы, үй тұрғыны:

- үйдің төбесіне дейін жарылған. Неше сантиметр жарылғанын көріп кетті. Бірақ, нәтиже жоқ.

Үйдің есік-терезесі аңғал-саңғал,кіреберіс құлап жатыр, жертөле суға толып тұр. Қысы-жазы маса мазаны алады.   

Зия Хигара, үй тұрғыны:

- Біз ақша төлемейміз деп айттым.  Мысалы, мен 4 айда 5 мың теңгедей төледім. Бірақ, бірде-бір жұмыс істеліп жатқан жоқ. Енді бұл айда төлемейміз.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

Үйдің сыртында да проблема жетеді.  Балалар ойнайтын ауланың  сиқы мынау. Спорт алаңының   тоз-тозы шығып жатыр. Ал, мынау бастырманың төбесі опырылып ортаға  түскелі тұр. 

Ләззат Мырзалиева, үй тұрғыны:

- Істеп береміз деп жылда уәде береді. Смета бөлінді, міне барады, әне барады, істеп береді дейді. Бірақ, нәтиже жоқ. Күте-күте біз де шаршадық.

Тұрғындар өкілетті органның табалдырығын тоздырған. Бірақ, қала әкімінің орынбасары ол үйдің апатты емес екенін айтады. Экспертиза қорытындысымен жұртты да таныстырған. 

Берік Сәрменбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Модернизацияға кіргізсе, ондай проблема болмайтын еді. Барлық жүйелер ауыстырылады, кіреберістерді жөндеуге, оған есік салуға, терезесін салуға болады. 

Қалада 700-ден астам көпқабатты тұрғын үй болса, осы уақытқа дейін соның 135-і күрделі жөндеуден өтті. Биыл тағы 30 тұрғын үй жаңғыртылады. Титов кентіндегі №31-ді де қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік бар, тек  тұрғындардың 70 пайызының келісімі керек. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу