Қызылордадағы апатты үйдің тұрғындары дабыл қағуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордадағы апатты үйдің тұрғындары дабыл қағуда

11.01.2014
Қызылордадағы апатты үйдің тұрғындары дабыл қағуда
Қызылорда қаласының Қайнарбаев көшесіндегі №1 А үйдің тұрғындары дабыл қағуда. Олар тұратын қос қабатты баспана құлайын деп тұр. Ғимараттың күннен күнге іргетасы мүжіліп, қабырғасы қақырап барады. Оның үстіне үйде су да, жылу да, газ да жоқ.
 
Таусылмас жоқты айтып жұртшылық құзырлы орындардың табалдырығын тоздырды. Мұң-мұқтажын атқарушы билікке телеарна арқылы да жеткізуге тырысты. Бірақ, осы күнге дейін нақты жауап берген ешкім болмаған.
 
Ғимарат 1990 жылдары ғана салынған. Бірақ, қазіргі күйі осындай. Аңғал-саңғал. Қабырғалары жарылып, кірпіштері үгітіліп жатыр. Баспалдақтағы бетон плиталардың аражігі де күннен күнге ашылып барады.
 
Қойшыбай Мырзабаев,апатты үйдің тұрғыны:
Қауіп-қатер күннен күнге күшейіп келе жатыр. Қараптан-қарап кесектері езіліп құлап жатыр. Қашан құлайды деп күтіп отырамыз ба?
 
Тұрғындар әрбір күнді қауіппен өткізеді. Бар мұң-мұқтажын айтып, шыр-пыр болып, құзырлы орындардың есігін жағалап жүр.
 
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Қаланың қақ ортасында тұрса да, бұл көпқабатты үйдің тұрғындары өркениеттен ада. Көмір тасиды, отын бұтайды, пешті өздері жағады. Жалпы үйде ешқандай коммуналдық мәселе шешімін таппаған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мұнда су да жоқ.
 
Мәрия Тоқмағамбетова, апатты үйдің тұрғыны:
Не газ, не су, не әжетхана жоқ. Есігіміздің алды көк ала батпақ, машина кіріп-шыға алмайды. Мүгедек адамдар, ауру кісілер бар. Біздің жағдайымызбен ешкім санаспайды.
 
Ғимараттың техникалық жағдайын қарағандылық сарапшылар қанағаттанарлықсыз деп бағалады. Яғни, үй құлау алдында тұр. Бірақ, қорытынды құжатта күрделі жөндеуге келеді делінген. Қазір ғимараттың жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу үшін қаражат сұралуда.
 
Жасұлан Аханов, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі:
Жоба жасалғанан кейін белгілі болады. Сомасы асып кетіп жатса, онда басқа жерден үй қарала ма, оның бәрі енді жоба жасалған соң белгілі болады.
 
Маманның сөзіне сенсек, үйге күрделі жөндеу жүргізілсе, барлық коммуналдық проблема шешіледі. Ал егер тұрғындар басқа баспанаға көшетін болса, тіпті керемет. «Жақсы сөз жарым ырыс». Тек бұл құр сөз күйінде қалмаса болғаны...
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
 
 
 

Хабарламаларға жазылу