Дүниежүзілік мұнай конгресі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүниежүзілік мұнай конгресі өтуде

18.06.2014
Дүниежүзілік мұнай конгресі өтуде
Қазақстан Каспий жағалауы аймағында тереңдігі 14-15 шақырымға жететіндей ұңғы қазуды қолға алмақшы.
 
Бұл - дүниежүзінде әлі болмаған жағдай. Ол жөнінде Мәскеу қаласында өткен Дүниежүзілік мұнай конгресінде мәлім болды.
 
Осы ауқымды шараға қатысқан әлемнің 80 мемлекетінің ішінен тек Қазақстан ғана арнайы министрлер жиынын өткізу мәртебесіне ие болды.
 
Қазақстандағы көмірсутегі саласының бүгіні мен ертеңі Мәскеуде кеңінен талқыланды.
 
Жиында әсіресе, қазір іске асып жатқан жобалардың барысы егжей-тегжейлі баяндалды. Әлбетте, бұл күндері бүкіл әлемнің назары ауып отырған «Қашаған» кенішінің жұмысына қатысты сауалға да жауап берілді.
 
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:
Қазір «Қашаған» кенішіндегі кемшіліктер анықталып, тыңғылықты түрде зерттеліп жатыр. Құбырларды қайтадан ауыстыру - оңай шаруа емес. Себебі, мұнайдың химиялық құрамына, кеніштің орналасқан жеріне байланысты көптеген қиыншылықтар бар. Алдағы уақытта апат болмас үшін, біз асықпауымыз керек. Яғни, «Қашаған» осы жылдың соңына дейін іске қосылмауы да мүмкін.
 
Мәскеудегі жиында шетелдік инвесторларға  еліміздің «Еуразия» атты жаңа жобасы да таныстырылды. Оның мәнісі мынада.
 
Мұнайдың мол қорын табу үшін Каспийдің түбіне барлау жасап, тым тереңде жатқан «қара алтынды» анықтау керек. Ал, ол - оңай шаруа емес.   
 
Балтабек Қуандықов, «Меридиан Петролеум» компаниясының президенті:
Каспий жағалауы аймағында 14-15 шақырымға жететіндей терең ұңғы қазу қолға алынады. Бұл дүниежүзінде әлі болмаған жағдай. Оны қазу оңай болмайды. Оған жаңа технология, жаңа материалдар, жаңа ой, идея қажет.
 
Мұнай-газ саласындағы ірі компаниялар Қазақстандағы шағын кәсіпорындардың қызметіне жүгініп, мүмкіндігінше, отандық тауарларды сатып алуы тиіс.
 
Биліктің бұл талабына құлақ асқан шетелдік корпорациялар, 2013 жылы қазақстандық үлестің көлемін 10 миллиард доллардан асырған.
 
Ал, Үкімет болса, «алаған қолым береген» деп, инвесторларға жағдай жасап отыр.  
 
Тим Миллер, «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры:
Қазақстандағы инвестициялық орта жұмыс істеуге аса қолайлы. Оның үстіне Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені үнемі назарда ұстап отыр. Жақында өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінде тағы да жеңілдіктер болады, деген хабарды қуана қабылдадық. Сондықтан біз де, өз тарапымыздан келісімді толықтай орындап, түрлі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға белсене қатысамыз.
 
Осылайша, Дүниежүзілік мұнай конгресі еліміз үшін табысты өтіп, шетелден инвестиция тарту жолында тағы бір нақты қадам жасалды.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
 
 
 
 
 
 

Хабарламаларға жазылу