Бүгін - Алғыс айту күні (Толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Алғыс айту күні (Толығырақ)

01.03.2019

Биыл Алғыс айту мерекесі ел көлемінде 4-ші рет тойланып отыр.

Президент 2016 жылы 1 наурызды Алғыс айту күні етіп белгіледі. Содан бері еліміздегі көп ұлыс осы күнді көтеріңкі көңіл-күймен тойлауды дәстүрге айналдырды. Бұл мейрам қазақтың бойындағы қайырымдылық пен ізгі қасиеттерін танытқан қиын-қыстау кезеңнің естелігі іспетті. Себебі қиын жылдары қазақ халқы сырттан келгендерді бауырына басты, қолдау көрсетті. Сол үшін басқа ұлыстардың қазақ халқына айтар алғысы зор.

Шексіз алғыс, риясыз көңіл, шын пейіл. Сұрқия саясаттың кесірінен келмеске айдалған ұлысты кеңпейіл қазақ сандалтпады. Өзіне жетпей жатса да, өзегінен теппеді. Бауырына басты, барымен бөлісті.

Ахмед Мурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА кеңесінің мүшесі, «Вайнах» шешен және ингуш қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы:

- Бүгін Алғыс айту мерекесін тойлап жатырмыз. Қазақ еліне мың алғыс айтамыз.

Барын бағалап, сый қадірін білген елдің келешегі кемел. Сондықтан да Мемлекет басшысы 1 наурызды Алғыс айту күні етіп белгіледі. Осылайша көп ұлыстың бір-біріне ілтипат білдіріп, ырысты арттырып, ынтымағын нығайта түсті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты қиын жылдары миллиондаған адам бір-біріне көмек көрсетті. Қолдау танытты. Сол үшін ризашылықтары шексіз. Бұл барынан айырылған адамдардың үмітін қайта жалғап, өмірді қайта бастауға күш берді. Қиын кезеңде қазақ халқы сырттан келгендерді бауырына басты. Қайырымдылық танытты, көмектесті. Сол үшін басқа ұлттардың айтар алғысы зор. Қазақтар да бауырластарға туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, ұлтқа, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреді.

Өзге ұлттардың Қазақстанға жер аударуы XVI ғасырдан бастап XIX ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Жүздеген мың адам жат жерге жазықсыз айдалды. Тек шаруаларды жаппай қоныстандыру кезінде ғана - қазақ топырағына Ресей, Украина, Беларусьтан 1 млн 150 мың адам келген. Жер аударылғандардың легі Кеңес тұсында одан әрі үдей түсті. Оған саяси қуғын-сүргін мен тың игеруді қосыңыз.

Роза Пак, Корей этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары:

- Менің анам 1938 жылдары Талдықорған облысына келеді. Қазақтар туғанындай қабылдаған. Қазақтың дархан көңілінің арқасында аман қалған анам, бізге үнемі көрген жақсылығын айтып отыратын. Анам әлі тірі. Қазір балалары, немерелері, шөберелері бар. Бәрімізді алғыс айтуға үйретті. Сондықтан бүгінгі мереке мен үшін ерекше. Қарапайым да кең пейілді қазақ халқына рақметімді айтамын!

Ұлан-ғайыр даладан ондаған ұлыс өкілдері отауын тігіп, Отанын тапты. Қазір бір-біріне деген сыйластық пен сенім мықты. Қазақстан бірлігі мен берекесі жарасқан мемлекетке айналды. Әртүрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында сүттей ұйып, тату өмір сүріп жатыр. Ал, тұрақтылық – тыныштық кепілі болмақ.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу