Семейде автобус жолаушыларды тегін тасып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде автобус жолаушыларды тегін тасып жүр

22.02.2019

Адамдарды тегін таситын қоғамдық көлік жайлы естідіңіз бе? Мұндай автобус Семейде бар. Ол әр жұма күні таңның атысы, күннің батысы жолаушыларға тегін қызмет көрсетеді. Оған қоса аязды күндері аялдамаларда тоңып тұрған жұрттан бір тиын ақша алмай, үйіне дейін апарып тастайтын такси жүргізушісі де бар.

Батыр нағыз батырға тән үлгі көрсетіп жатыр. Әр жұма сайын өзінің автобусымен халықты тегін тасиды. Әуел баста осы 56-шы бағытта жүретін көлік жүргізушілері ақылдасып, бір реттік акция жасаған. Кейінірек игі бастама жергілікті қоғамдық қор өкілдерінен қолдау тауып, тұрақты шараға айналған.

Батыр Таласбаев, автобус жүргізушісі:

- Тегін автобус дегенге бәрі қуанып жатыр. Бәрі риза. Адамдар қазір бір-біріне суып бара жатыр ғой. Бір-біріне жақын болсын деп. Халықтың батасын алып жатырмыз.

Әдетте отыра салып, ақысын төлеуге асығатын жұрт тегін қоғамдық көлікке мінгендеріне таң қалысып жатыр.

Сандуғаш Төлеуғазықызы, зейнеткер:

- Білмеймін, қазіргі заманда ақша алмайды дегенге таң қалып отырмын. Рақметімізді айтып, ақ батамызды береміз!

Үлгілі істі жалғыз автобус қана емес, ірі тасымалдаушы компаниялар да қолдап, «қарапайым жұртқа осылай қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырса»,-дейді Батыр Таласбаев.

Ал, Тимур аязды күндері халықты таксимен тегін тасып жүр. Өзінің жеке кәсібі бар жігіт көпке осылай көмек беруді жөн көрген. Күн қатты аязда аялдамаларда тоңып тұрған жұртты айтқан жеріне жеткізеді.

Тимур Малғаждаров, тұрғын:

- Көлікпен жүрсеңіз, жолда тұрғандарды ала кеткен жөн деймін. Біреудің қалтасында ақшасы аз болуы мүмкін. Кішкентай бала үйіне жете алмай тұруы мүмкін. Менің өзімнің қолымнан келген көмек осы халыққа. Мүмкіндігім болса, қала үшін одан да үлкен жақсылықтар жасағым келеді.

«Алайда, тегін апарамын дегенге жұрттың бәрі сене бермейді. Керісінше көбі күдікпен қарайды»,-дейді Тимур.

Қайырымдылық - асыл қасиет. Адамдар бір-біріне мейірімін төккен сайын жақсылық көбейе түсетіні белгілі. Ал, семейліктердің қарапайым игі істері өзгелерге үлгі болары анық.

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу