Орал тұрғыны ауылдастарын сайлау учаскесіне тегін тасып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал тұрғыны ауылдастарын сайлау учаскесіне тегін тасып жүр

20.11.2022

Өңірлерде тұрғындар сайлауға ерекше белсенділікпен қатысуда. Әсіресе , шалғайдағы ауыл халқының ынтасы жоғары. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы Өскен елдімекенінің тұрғыны ауылдастарын көрші кенттегі сайлау учаскесіне күні бойы тегін тасып жүр. Ардақ Мұратқызы бірлігі бекем ауыл тұрғындарының дауыс бергеніне куә болды.

Оразай Сарқұлов көп жылдардан бері мектеп автобусын жүргізеді. Өскен ауылы сайлау уаскесінен алыс әрі жолы нашар болғандықтан, демалыс күні көршілерін жинап, тегін қызмет көрсетуге бел буған.

Оразай Сарқұлов, жүргізуші:
Біздің елдімекенде сайлау учаскесі болмағандықтан, Деркөл кентіне барып, дауыс береміз. Өзіммен бірге көршілерімді де алып келе жатырмын. Бұл - азаматтық парызым деп білемін.

Жолаушылар да көңілді. Сайлауға қатысып, дауыс беру - әр азаматтың борышы деп біледі.

Амантай Ғабдиев, ауыл тұрғыны:
Бір автобус кісі дауыс беруге бара жатырмыз. Енді үміткерлердің ішінен өзіміз бір үміткерді таңдаймыз ғой. Бүгінгі сайлау мейрамы құтты болсын! Қазақ елі аман болсын! Дами берсін!

Кенттегі 48-ші мектепте орналасқан сайлау учаскесінде халықтың белсенділігі жоғары, көңіл-күйлері де көтеріңкі. Жауаптылардың айтуынша, сайлау барысы ережеге сай өтіп жатыр.

Артур Мұсағалиев, №34 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
Учаске бойынша 2485 адам бар тізімде. Бұл тек қана Деркөл кенті емес, Өскен, Маштаково, Ветелкин, Кумыска ауылдары осы учаскеге қарайды. Таңғы 7-де учаскеміз ашылды. Содан бастап халықтың келуі жақсы. Белсенді барлығы.

Сайлау күні Оралда барлық қоғамдық көлік жолаушыларды тегін тасымалдап жүр. Шаһар бойынша 33 бағытта 183 автобус жолға шыққан.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу