Ауыл тұрғындары банкоматқа мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл тұрғындары банкоматқа мұқтаж

21.02.2019

Атырау облысы Құрманғазы ауданы тұрғындарының ай сайын жалақысына қол жеткізуі мұң болып тұр. Өйткені елді мекендегі 57 мыңнан астам халық үшін үш-ақ банкомат орнатылған. Қаражатына асыққан жұртшылық сағаттап кезекке тұруға мәжбүр.

Шалғайдағы Ақкөл ауылында 5 мыңнан астам тұрғын бар. Соның 3 мыңға жуығы түрлі мекемеде еңбек етеді. Теміржолшы Нәсіп Қапетова 20 жылын қиын қызметке арнаған, ол үшін ай сайынғы жалақыға қол жеткізу бір азап.

Нәсіп Қапетова, ауыл тұрғыны:

- Ақша керек болған кезде банкоматқа жете алмаймыз. Қарыздарымыз болса да, жұрттан қайта қарыз алып береміз. Банкомат жоқ ауылда. Банкомат үшін аудан орталығына баруымыз керек.

Ауылда ірілі-ұсақты 30-ға жуық кәсіпорын бар. Әрі мұнда өндірістік басқармалармен қатар, 12 теміржол мекемесі орналасқан. Елді мекендегі жұртшылық ай сайын банкомат арқылы шамамен 147 млн теңгені шешіп алады.

Бисенбай Рамазанов, ауыл әкімі:

- Аудан мен екі ортадағы жолдың жағдайы өте нашар. Адамдар барғанда бұл жерде үлкен кезекке тұрады.

Аудандағы «HALYK BANK» арқылы ай сайынғы жалақыны қоспағанда 220 млн теңгеге жуық жәрдемақы алады. Осыны ескерген жергілікті әкімдік екінші деңгейлі банктің басшылығына өтініш жазған.

Айтмұхамбет Базарбаев, банк өкілі:

- Жол жоқ, инкассация апаратын. Екіншіден, байланыс жағы қиындау. Үшіншіден, қауіпсіздік жағынан ештеңе қамтамасыз етілмеген. Осы үш талабымыз бойынша сай келмегендіктен, біз ол жерге банкомат орналастыра алмай тұрмыз.

Енді банк мамандары көктемге таман ауданға арнайы комиссия жібермек. Егер екі жақ ортақ шешімге келіп, банк қойған талаптар толықтай орындалса, банкоматқа мұқтаж халықтың сұранысы бірден қанағаттандырылмақ. Нәтижесінде ұзын-сонар кезек азайып, тұрғындар ақшаларын уақытында алады.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу