Ел экономикасына әсер етуі мүмкін сын-қатерлердің ішінде Украинадағы жағдай мен Ресей экономикасының баяулауы аталды.
Талқыланған тақырыптардың ішінде азаматтық авиация саласы да болды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін елімізде «Эйр Қазақстан» деп аталатын тағы бір отандық әуе компания құрылады.
Бас экономист тауар өндіру саласындағы көрсеткіштерге жете алмаудың бірнеше себебін атады.
Оның ішінде Қашағандағы мұнай өндірісінің тоқтауы мен Жезқазған мыс балқыту зауытының жөндеу жұмыстарына байланысты жабылып қалуы және сыртқы нарықта металл бағасының төмендеуі бар.
Дегенмен, өзге салалардағы оң өзгерістердің нәтижесінде бес айда экономикалық өсім 4,1 пайызды құраған.
Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі:
Жыл соңына дейін 7 ай уақыт бар. Үкімет басшысы барлық саладағы көрсеткіштерді былтырғы деңгейден түсірмеу туралы тапсырма берді. Экономиканы жандандыру үшін қосымша 500 миллиард теңге бөлінгені белгілі. Оның 100 миллиарды шағын және орта бизнесті қолдауға берілді. 250 миллиард проблемалық несиелерді сатып алуға жұмсалады. Қалған 150 миллиард теңге инфрақұрылымды дамытуға бағытталады
Жалпы, биылғы 5 айда қазынаға түсетін қаржы былтырғымен салыстырғанда 17,5 пайызға немесе 461 миллиард теңгеге артқан.
Кірістің артуына темекі және алкоголь өнімдері акцизінің өсуі себеп болған. Шағын және орта бизнестен түсетін салық көлемі де былтырғыға қарағанда 5 пайызға артқан.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:
Мемлекеттік бюджет 5 айда 50 миллиард теңге профицитпен қалыптасты. Жалпы, барлық деңгейдегі бюджеттердің түсімдері жоспардан артық түсіп, 3 триллион 88 миллиард теңгені құрады.
Талқыланған тағы бір мәселе - азаматтық авиация саласы. Биыл 18 әуе тасымалдаушының лицензиясы кері қайтарылған.
Оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласындағы авиациямен айналысатындар.
Сондай-ақ, ішкі нарықта жолаушы тасымалдайтын тағы бір отандық компания құру жұмысы пысықталды. Белгілісі, отандық әуе тасымалдаушы келесі жылы құрылады.
Азат Бектұров, ҚР Көлік және коммуникация министрінің орынбасары:
Компанияның 49 пайызы «Самұрық-Қазынаға», 51 пайызы жеке компанияға қарасты болады. Қазір бизнес-жоспар жасалуда. 2015 жылдың басында канадалық «Bombardier» компаниясының 10-ға жуық әуе кемесі әкелінеді. Олардың сыйымдылығы 70-80 адамдық болады.
Үкімет отырысында бұдан бөлек, ауыл шаруашылығындағы салық салу тәртібін жетілдіру мен зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы жұмыстар жүйеленді.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ