Сақтық шаралары күшейтілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сақтық шаралары күшейтілуде

13.02.2019

Ақмола облысында бір айда тілсіз жаудан 5 адам қайтыс болған. 1 адам иіс тиіп қаза болған. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары үй-үйді аралап, өрт қауіпсіздігі қағидаларын тұрғындардың есіне тағы салды.

Жер үйде тұрудың машақаты көп. Абай Мұқанов от жағып, күл шығарады. Қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғалардан кейін уайымы күшейді. 3 баласының қауіпсіздігі үшін орталық жылу жүйесіне қосылайын десе, қолы қысқа. 

Абай Мұқанов, қала тұрғыны:

- Бері қарай бір көше жүргенге 1,5 миллион кетеді дейді. Ал, біздің Ақан көшесіне әкелсе, 6-7 миллион кетеді екен. Оған шамамыз келмейді. Қазір пеш жағып жүрміз. Жылына 4-5 тонна көмір кетеді.

Бұл ауданда Абай сияқты пеш жағып, үйін жылытып отырғандар аз емес. Сол үйлерге мамандар бүгін арнайы барып, сақтық шараларын түсіндірді.

Думан Далешов, облыстық ТЖД бас маманы:

- Жылыту пештерінде құбырлар жарық болады, соның себептерінен улы газдан адамдар уланып жатыр. Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында рейд ұйымдастырылды. Оған Ақмола облысының азаматтық қорғаныс саласының 400 қызметкері қатысуда. 

Түсіндіру жұмыстары барлық аудандарда да жүргізілді. Жыл басынан бері Ақмола облысында 110 өрт тіркелген. Онда 5 адам көз жұмып, 1 адам газбен уланған. 

Көкшетауда орталық жылу жүйесіне қосылмаған бірнеше шағын аудан бар. Олардың көпшілігі жаңадан бой көтерген жер үйлер. Мамандардың айтуынша, егер қала толық орталықтандырылған жылу беруге көшсе, онда өрт саны да күрт азаяр еді. Себебі тілсіз жау көбіне осындай ағаш пен көмір жағатын баспаналардан шығады.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу