Атырау облысында ауыл кәсіпкерлері несие ала алмай жүргендеріне шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында ауыл кәсіпкерлері несие ала алмай жүргендеріне шағымданды

12.02.2019

Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданының кәсіпкерлері несие ала алмай қиналып жүр. Банктер елді мекеннің шалғайда орналасқанын желеу етіп, кепілге алатын мүлікті арзанға бағалайды. Соның кесірінен берілетін қаржының көлемі де мардымсыз. Шаруаны шыр айналдырып әкетуге жеткіліксіз.

Несиеге қолы жетпей жүргендердің бірі - Ақылбек Қуаншалиев. Кепілге қояр мүлкі ауылда болған соң арзанға бағаланып, қомақты қаржыдан қағылып отыр. 

Ақылбек Қуаншалиев, кәсіпорын директоры:    

- Несие ала алмағаннан кейін, Құрманғазы серіктестігінен алдық. Себебі, Атыраудағы банкке салған кепіл жетпейді, кем деді. Сол себепті, ол жақтан несие алуға мұршамыз жетпеді.

Облыс бойынша 2075 адам «Бизнес бастау» бағдарламасымен оқып, 500-ден астамы өз кәсібін ашқан. Қалған бөлігі түрлі кедергілерге ұшырауда. Мәселен, Зульзана Бердешова ауылына наубайхана ашқысы келеді. Өз жобасын сәтті қорғағанмен, кепілге қояр мүлкі жоқ.

Зульзана Бердешова, аудан тұрғыны:

- Білмеймін енді, қазіргі жастарға бизнес ашып, өз кәсібін бастауға сол кедергі болып тұрған сияқты.

Облыста 47 мыңға жуық кәсіпкер бар. Олардың басым бөлігі қала орталығынан шалғайда. Сол себепті, банкке қойған мүлкі құнсызданады. Осы мәселені басшылыққа алған жауаптылар өңірде оңтайландырылған жаңа қаржы ұйымын құрмақшы.

Айхын Елеусізов, Атырау облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Ақша бар жерде сұраныс бар. Яғни, берген қаражатқа кепілі сәйкес болу керек. Микроқаржы ұйымын құрып жатырмыз. Оның да өзінің екінші деңгейлік банктерге қарағанда, несие алған кездегі пайыздық мөлшерлемесі төмен болады.

Жандос Темірғали, тілші:

- Осы жылдың бірінші тоқсанында өз жұмысын бастайтын қаржы ұйымы кәсіпкерлерге арнап түрлі жеңілдіктер қарастыруда. Мәселен, несие алушы бұрынғыдай қағазбастылыққа ұрынбайды. Әрі төмен пайызда қарыз алып, қалаған кәсібін өркендете алады. Бұл бастама ауыл кәсіпкерлеріне де айтарлықтай көмек болғалы отыр.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу