Алматы облысындағы түзеу мекемесінде колледж ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы түзеу мекемесінде колледж ашылды

08.02.2019

Алматы облысының қылмыстық атқару жүйесіндегі ЛА-155/12 түзеу мекемесінде көпсалалы колледж ашылды. Мұнда сотталғандар кәсіп үйренеді. Осылайша, олар уақытты текке өткізбейді.  Абақтыдан босап шыққаннан кейін үйренген кәсібінің нәсібін көрмек.  

Төрт баланың әкесі Руслан Базарбекұлының түзеу мекемесіне түскеніне бір жылдан асты. Істеген қылмысына қарай соттың кескен жазасын өтеп шығу үшін әлі үш жыл бар. Сондықтан, колледжге өз еркімен келіп, уақытын бос өткізбей кәсіп үйренуге ден қойған. Өйткені, ол бостандыққа шыққан соң жеке кәсібін ашып, қоғамға пайдалы іспен айналыспақшы.   

Руслан Толықбаев, жазасын өтеуші:

- Осы жерде мамандық алып, түзеліп шығып, Қазақстанның бетке ұстар азаматы болып ертеңгі күні осында қайтадан кірмеске талпынамыз. 

Жалпы, көпсалалы колледжде 150 адамды оқытуға мүмкіндік бар. Ал, қазір мұнда 80 жазасын өтеуші ағаш ұстасы мен тігінші мамандығын игеріп жатыр. Үш айлық қысқамерзімдік курстан кейін оларға білімі мен біліктілігін растайтын сертификат беріледі.  

Сәбира Нәсіпқұлқызы, Алматы облысы Қылмыстық атқару жүйесі басқармасының бас маманы:

- Куәлік беріледі. Куәлікті алғаннан кейін, босатылып шыққаннан кейін кез келген мекемеде, өндіріс орнында жұмыс істей алады. Қазірде бізде іс-тәжірибе өндірістік аумақта өткізіледі. Осындай сотталғандар жұмыспен қамтылады. Теориялық және практикалық жұмысты қатар алып жүретін болады. Бірақ, қазір сотталғандардың көбі жасаған істеріне өкініп, отбасына қайта толыққанды оралуды армандайды. 

Колледж ұжымы алдағы уақытта наубайханашы, дәнекерлеуші мен электр сияқты мамандықтардың санын көбейтпек. Осыған сәйкес, қыркүйек айынан бастап оқу мерзімі де өзгереді. Онда жазасын өтеушілер 10 ай бойы қазіргі заманға сай технологияларға негізделген құрылғылармен жұмыс істеуді үйреніп, колледждің дипломын алады. Сондықтан, енді сотталғандар тек жатпай, кәсіп иесі атанады.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу