Теміртау қаласының экологиясын жақсартуға 50 млрд теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртау қаласының экологиясын жақсартуға 50 млрд теңге бөлінеді

06.02.2019

Теміртау қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға 50 миллиард теңге бөлінеді. Ақшаның басым бөлігі металлургиялық комбинатта зиянды заттарды сүзгіден өткізетін заманауи қондырғылар орнатуға жұмсалмақ. Сондай-ақ, құрышты қаланы көгалдандыру, қоғамдық көліктерді газға көшіру қолға алынады. Мемлекет басшысы да құрышты қаланың экологиялық ахуалын жақсарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді  тапсырған болатын. 2018-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарда тағы қандай шаралар қамтылған?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- 2018 жылы қыркүйек айында зауытқа алып фильтр орнатылды. Бұл кәдімгі шаңсорғыштың рөлін атқарады десе де болады. Зиянды өндіріс қалдықтары осының бойымен жиналып, кейін бөшкесі бар көліктерге тікелей тиеледі. Сөйтіп, қайта өңдеуге жіберіледі.

Теміртауға таралатып жатқан зиянды қалдықтың 77 пайызы металлургиялық комбинаттан шығады. Алпауыт кәсіпорын жылына 200 мың тонна өндіріс қалдығын ауаға ұшырады. Бұл көрсеткішті азайту үшін 2012 жылдан бастап газ бен шаңды сүзгіден өткізетін бірнеше қондырғы орнатыпты.

Ғазиза Ботантаева, №3 домна пешінің жұмысшысы:

- Газды, шаңды тазартады. Басында шаң көбірек болған. Себебі, қондырғылардың барлығын қойған кезде жиналып қалды. Соның барлығын тазартып, қазір жоғары көрсеткіштен көп төмендеді.

«Шаң-тозаң металлургиялық комбинаттан шығатын өндіріс қалдығының тек 10 пайызын ғана құрайды», - дейді мамандар. Ал, ауаға таралатын көмірқышқыл газы 50 пайыздан асады екен. «Сондықтан, бұл мәселе көмірден бас тартып, жылу электр орталығының жұмысын газға көшіргенде ғана шешіледі», - дейді табиғат жанашырлары.     

Галина Дроздова, металлургиялық комбинаттың экология жөніндегі директоры:

- Қоршаған ортаға ең көп зиян келтіретін көмірқышқыл газы. Себебі, қатты отыннан бөлінетін қалдық көп. «Сарыарқа» магистарльды газ құбырының құрылысы аяқталған кезде мұндағы екі жылу электр орталығы көгілдір отынға деген үмітіміз бар. Сонда экологиялық жағдай да бірден жақсарар еді.

Құрышты қаланың экологиясын жақсарту үшін өткен жылы  кешенді жоспар қабылданған. Онда 77 экологиялық шара қамтылса, қазір соның 24-і жүзеге асыпты. Шамамен 50 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Биыл экологтар қаланы абаттандыру жұмыстарына да бел шешіп кіріспек. Теміртауда 42 мың түп ағаш көшеттері отырғызылады. Сондай-ақ, жолаушыларды тасымалдайтын 200 автобус газға көшпек. Ол үшін 1 миллиард теңге қаржы бөлінген. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу