Соңғы 5 жылда «Арселор Миттал Теміртау» компаниясында 25 апат болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы 5 жылда «Арселор Миттал Теміртау» компаниясында 25 апат болған

17.03.2021

Мәжіліс депутаты Альберт Рау метталургия алыбы «Арселлор Миттал» компаниясына мемлекеттік техникалық аудит жүргізуді талап етті. Оған өндіріс орнындағы апаттардың жиілеп кеткендігі себеп. Депутаттың сөзінше соңғы 5 жылда комбинатта 25 ірі апат болған. Ондаған адам қаза тапты. Компанияның техникалық жағдайды жақсартуға миллиардтаған инвестиция құйып жатырмыз деген есептері сенімсіз екенін айтты. Теміртау қаласының экологиясын жақсарту үшін 500 мың түп тал егуі де керек болған. Алайда бұл міндетін атқаруға асығар емес. Қала тұрғындарын кәсіпорынның меншігіндегі 2-ші жылу электр станциясының да жағдайы алаңдатады. Ақпанның қатты аязында ондағы бірнеше қазандық істен шығып, мыңнан аса баспана жылусыз қалған еді.

Альберт Рау,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Арселлор Миттал» трансұлттық компаниясы басқа елдердегі метталургиялық комбинаттардың бар ресурсын сорып болған соң олардан жай ғана бас тарта салған. Осы ақпарат біздің азаматтарды алаңдатып отыр. Мұндай жағдай Алжир, Тринидад, Польша және тағы басқа елдерде болған. Үкіметке осы компанияны заңға сәйкес тексеруді және жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін кәсіпорын басшылығына қатысты шара қолдануды сұраймын.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу