Солтүстік Қазақстан облысының Кедендік одақ елдерімен тауар айналымы өсіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысының Кедендік одақ елдерімен тауар айналымы өсіп келеді

16.06.2014
Солтүстік Қазақстан облысының Кедендік одақ елдерімен тауар айналымы өсіп келеді
 
Солтүстік Қазақстан облысының Кедендік одақ елдерімен тауар айналымы қарқыны өсіп келеді. Былтыр бұл көрсеткіш  792 миллион АҚШ долларын құраған. 
 
Биыл одан да жоғары табысқа қол жеткізіледі, деп күтілуде. Экспорт үлесінің артуына Петропавлдағы құбыр зауыты  айтарлықтай үлес қосып отыр.
 
Олар жыл басынан бері Ресейге 245 миллион теңгенің өнімін жөнелтіп үлгерді.
 
Жарқын Жақыпов - осыдан 5 жыл бұрын зауыт енді ашылғанда қатардағы оператор болып жұмысқа қабылданған еді. Ешкімге алақан жаюды білмейтін еңбекқор жігіт бүгінде цех шебері. 
 
Қарапайым жұмысшы болса да, елдегі оң өзегістерді өзі жұмыс істейтін кәсіпорынның тынысынан-ақ жақсы біліп отыр.
 
Жарқын Жақыпов, цех шебері:
Қазір бізде жұмыс бар, адамдар да 4 қатарда істеп жатыр. Екі ауысыммен істейміз. Жалақы жағына келсек, 100 мыңнан артық аламыз.
 
Петропавлдағы құбыр зауыты алғашқы өнімін 2009 жылы шығарды. Мұнай-газ саласына қажетті түрлі диаметрдегі құбырлар бүгінде қазақстандық компаниялардың үлкен сұранысына ие.
 
Тек былтырғы жылы ғана 3 миллиард 966 миллион теңгенің өнімін шығарды. Биыл өндіріс қуатын 5 миллиардқа жеткізбекші. Ал тауардың біраз бөлігі Ресейге жөнелтіледі.
 
Мұхамет Аязбаев, зауыт директоры:
Жалпы, осы 4 айдың ішінде шығарған өнім 15 пайызды көрсетіп тұр. Келешекте экспорттық потенциалымызды көтереміз, деп ойлаймын. 20-25 пайызға дейін шығамыз. Біздің құбырлардың сапасы да жақсы, бағасы да жақсы. Ресейде бәсекелестік жасай аламыз.
 
Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының өзегі – ауыл шаруашылығы болғанымен, соңғы жылдары өндіріс саласының да өрісі қарқынды түрде кеңейіп келеді. Өңірдегі инновациялық жобалар кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін айтарлықтай жоғарылатуға септігін тигізуде.
 
Солтүстік Қазақстан облысындағы көптеген кәсіпорындар Кедендік одақ елдеріне экспортталатын тауарлардан айтарлықтай табыс тауып отыр. 
 
Әсіресе өтімді әрі сапалы өнім шығарып жатқан ұжымдар интеграцияның игілігіне толық көз жеткізді. Сондықтан да бұл үрдістің үдемелі дамуына олардың кез келгені мүдделі болып отыр. 
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу