Қазақстандық компания өздігімен жұмыс істейтін еден жуғыш робот ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық компания өздігімен жұмыс істейтін еден жуғыш робот ойлап тапты

04.02.2019

Құрылғы алғашқы сынақтардан ойдағыдай өтті. Бәсекелестерінен басты артықшылығы бағасында. Оның құны әлемге әйгілі компаниялардың өнімдерінен бірнеше есе арзан болмақ.

Бұл робот бір өзі 2-3 адамның жұмысын атқара алады. Әсіресе, үлкен алаңқай жерлерді жақсы тазалайды. Жан-жағына орнатылған сенсорлар арқылы кез келген кедергіні, адамдарды көріп, айналып өтеді.

Николай Потапов, «Автономные технологий кз» ЖШС директоры:

- Толық қуатталса, 1 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істей алады. Ал, егер қуаты немесе суы таусылып жататын болса, өзі автоматты түрде базаға қайтады. Бір ғимаратқа 5-6 робот жіберсе, олардың жұмысын қадағалау үшін 1 адам жеткілікті.

Роботтар шикізат пен энергияға да үнемді. Алдымен су шашып, еденді ысып, жуады. Сосын, кір суды қайта жинап алады да ішінде тазартып, екінші рет пайдаланады. Бір-бірімен байланыса алатындай жасанды интелектпен де жабдықталған.

Әлібек Қабылбай, «Tech Garden» дербес кластерлық қорының басқарушы директоры:

- Экспортқа шығарылатын бұл өнім қазақстандық өнім болып шығарылады. Қазірдің өзінде осы роботқа сұраныс өте үлкен. Бүгінгі таңда роботқа 600-ге дейін сұраныс келіп түсті.

Жаппай өндіріске шығарылатын күні де алыс емес. Зауыт Алматы облысында жасақталмақ. Кейін Жібек жолы арқылы кәрі құрлыққа да сату жоспарда бар.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу