Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары тұрғындармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары тұрғындармен кездесті

04.02.2019

Ақтөбе облысына барған Мәжіліс депутаттары Шәмші Қалдаяқов ауылындағы «Ақтеп» серіктестігінің көкөніс қоймасын көрді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы салынған нысан өңір тұрғындарын сапалы картоппен қамтамасыз етіп отыр. Заманауи қойма толығымен автоматтандырылған. Өндірісті ұялы телефон арқылы бақылап-басқаруға болады. 5000 тоннаға жуық көкөніс сақтауға қауқарлы. Кәсіпорында негізінен жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Нысанның ішін аралап шыққан депутаттар жұмысшылардың да жағдайын білді. Тұрғындар өз кезегінде мемлекеттен берілген жерге үй салу үшін 2 жыл уақыттың жеткіліксіз екендігін алға тартып, құрылыс мерзімін ұзартуды сұрады. 

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мұндай диалогтар біз үшін өте маңызды. Ел ішін аралап, халықты толғандырған мәселелерді біз қойын дәптерімізге түртіп алып, әрі қарай Мәжіліс қабырғасында шешуге тырысамыз. Тұрғындар баспана тұрғызуға арналған мерзімді ұзартуды сұрап отыр. Бұл сұрақ міндетті түрде күн тәртібінде қаралады. Халықтың ұсынысы ескеріледі.

Ал, Павлодар облысына аттанған бір топ депутат Тереңкөл ауданының шалғай ауылдарын аралап, ел-жұртпен кездесті. Тұрмыс-тіршігімен танысты. Халық қалаулылары ауызсу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Себебі, Павлодар облысы елді мекендерді орталықтандырылған су жүйесіне қосу бойынша кенже қалған аймақ. Бүгінгі күні ауылдардың 30 пайызы ғана таза ауызсумен қамтылған. 8 мың халқы бар Тереңкөл ауылына екі жыл бұрын бюджеттен 934 млн. теңге қаржы бөлініп, орталықтандырылған су құбыры тартылған еді.  

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу