Кешегі Үкімет отырысында Елбасы ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты
Қазақтың шұрайлы жерінде мал да бағып, дақыл да егіп қалың бұқараны табиғи азық-түлікпен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік бар. Өз елімізді ғана қамтып қоймай, шетел нарығына экспортқа шығарып, үлкен табысқа кенелуге болады. Соңғы жылдары бұл салаға мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржы көлемі еселеп артқан. Нәтижесі де жаман емес. Кешегі өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылғандай, отандық өндірушілер жаңа даму кезеңіне қадам басты. Айталық, Тәуелсіздік жылдары 5 млрд. 600 млн. тауық жұмыртқасы өндіріліп, оның 602 млн-ы шетелге сатылған. Зығыр экспорттаушы елдер арасында Қазақстан алғашқы орынға шығыпты.
Цифрландыру деген сөз қазір өмірімізге жіті еніп кетті. Ауылдағы ағайын да ғылым мен білімнің соңғы жетістігіне иек артып, цифрланып жатыр. Биыл ғалымдар соңғы техника мен ғарыш серіктерін пайдаланып еліміздің үш аймағында арнайы зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, өнімділік 2,5 есе артқан. Осыған байланысты министрлік арнайы бағдарлама әзірлеп, елдегі егінді жерлердің 100, жайылымдардың 56 пайызын цифрландырып үлгерген. Шаруаларға қажетті 106 мемлекеттік қызмет пен субсидияның 15 түрі автоматтандырылып, бюрократиялық кедергілерді жою жұмыстары да қолға алынды. 2021 жылға дейін елімізде 2000 цифрлы ферма құру межесі тұр.
Өмірзақ Шүкеев, ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі:
- Өнімділікті арттырудың тағы бір маңызды факторы бұл - суармалы жерлерді көбейту. 1,4 млн. гектардан 3,5 млн. гектарға дейін. Арнайы есептер жүргізілді. Бастысы, бізде су жеткілікті. Қазірдің өзінде суармалы жерлер барлық егістік жерлердің 7 пайызын ғана алып, егіншілік шаруашылықтағы өнімнің құны бойынша 40 пайызын беріп отыр.
Жер де, су да бар, енді заманауи техника керек. Былтыр елімізде арнайы лизингтік бағдарлама енгізілді.
63 млрд. теңгеге 3426 жаңа техника сатып алынды. Бұл барлық агро автопаркінің 3,5 пайызы. Үкімет енді жыл сайын 6,7 пайызға жаңартып отыруды мақсат тұтып отыр. Осылайша, жақын келешекте техника толықтай жаңарып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік бермек.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде былтырғы жылы Қазақстан бірқатар өнімді шетке саудалап, жақсы табысқа ие болды.
Арпа экспорты 2,2, рапс майы 3,3, сояның сыртқа саудасы 2,5 есе өскен. 11,7 млн. тонна бидай шетке сатылған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 33 пайызға көп.
Сала мамандары бұл жетістіктерді әлі де еселеуге мүмкіндік бар деп есептейді. Ол үшін ғалымдардың жетістігіне көңіл бөліп, олардың ойлап тапқан жаңалықтарын күнделікті тіршілікке енгізу қажет. Қазірдің өзінде бұл бағытта ауқымды іс атқарылған.
Зерттеуге сәйкес, еліміздегі қожалықтардың тең жартысы үшінші репродукциядан төмен тұқым себеді екен. Енді бұл олқылықты толтыру үшін мемлекет фермерлерге сапалы дән алуға несие бермек. Ол күзгі жиын-терімнен оның тек 30 пайызын қайтарады. Осылайша, бірнеше жылда диқандар өнімін еселеп арттыра алады. Бұл жүйе осы көктемнен бастап қолға алынбақ.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
