Отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі

28.01.2019

Ел ертеңі деп сенген жасөспірімдер арасында бір-біріне әлімжеттік жасап, жұдырық сілтеуі әлеуметтік желіде ғана емес, тұтас ел тұрғындарын алаңдатып отыр. Қоғам белсенділері мұндай оқиғалардың жиілеп кетуі отбасылық құндылықтардың төмендеуінен деп есептейді. Президенттің кешегі Жастар жылының ресми ашылуында бұған ерекше екпін беріп тоқтағаны да бекер емес.

Британдық «The Economist» журналының дерегінше, Қазақстан әлем елдері арасында ажырасу саны бойынша 10-шы орында тұр. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын некеге тұрған әр 4-ші жұп айырылысып жатса, қазір әрбір екінші жас жанұя жараспай кетеді.

Ажырасқан отбасылардың 83 пайызының ортақ балалары бар. Ал, жалпы Қазақстанда баласын өзі бағып-қағып отырған 400 мың ана және 60 мың жалғызілікті әке бар.

«Дәм-тұзы жараспай кеткен оқиғалардың жиілеп кетуіне бір себеп - 90-шы жылдардағы тоқырау», - дейді мамандар. Себебі ол кезде экономиканың нашарлауына байланысты ата-аналар нәпақа табу жолында балаларға дұрыс уақытын бөле алмады. Қиындыққа шыдамай, айырылысқан жұптар да көп болды. Енді сол кезеңде өскен балалар есейіп, өздері отбасын құрып отыр.

Камал Әлпейісова, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия сарапшылар кеңесінің хатшысы:

- Бізде жастарды отбасы болуға дайындау жоқ. Қызды ана болуға, ене болуға, жігітті күйеу, әке болуға дайындық жоқ.

Ажырасу санының жиілеуіне тағы бір себеп - әке беделінің төмендеуі. Ықпалды, талапшыл әке өнегесімен өскен ұл бала нағыз ер азаматқа лайықты қағидаттарды еш уақытта да жадынан шығармасы анық.

Камал Әлпейісова, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия сарапшылар кеңесінің хатшысы:

- Балалардың әлімжеттігі - өзінің қатарына жасаған қорлығы. Аузынан шыққан былапыты күнделікті көріп отырған адамдарын қайталаудан шыққан.

Әкелер қауымдастығы төрағасының орынбасары Арыстанғали Сансызбаевтың пікірінше, әке өнегесімен өскен балалар қатарласын табалап, шибөрідей жабылуға жол бермейді. Сол себепті ер азаматтардың осыған жиі көңіл бөлуіне үндеп, түрлі іс-шараларды қолға алып келеді.

Арыстанғали Сансызбаев, «Әкелер қауымдастығы» РҚБ төрағасының орынбасары:

- Әке институтын насихаттау керек деп санаймыз. Әкелер тек қана ақша табумен шектелмеу керек. Ол баланың өмірінде өз үлесін қосу керек. Қазақта айтқан ғой, «әкесіне қарап ұл өседі, шешесіне қарап қыз өседі».

Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, қалалық жерде тұратын ер адам өз уақытының 45 пайызын жұмысқа, 35 пайызын ұйқыға арнайды екен. Ал, қалған 15 пайызын үй шаруасы мен басқа да тірліктерге жұмсайды. Сонда сынаптай сырғып жатқан алтын уақытының тек 5 пайызын ғана отбасы ортасында өткізеді.

Бұл да - ой салатын дерек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуында отбасы құндылықтарын дамыту туралы бірқатар тапсырма берді. Жас отбасыларды қолдау тетіктерін өзгерту қажеттігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жастарды жаңа әлеуметтік рөліне және шынайы өмір сүруге дайындау керек. Мұны мектептің жоғары сыныптарынан бастау қажет. Аналар институтын ғана емес, әкелер институтын да дамыту маңызды. Бозбалалар арасында өз отбасына деген жауапкершілік сезімін дамыту маңызды.

Бұл мәселе барша қоғамның жұмылуымен ғана шешілері анық. Сол себепті Президент ғалымдар мен қоғам белсенділерін және бұқаралық ақпарат өкілдерін осы түйіткілге баса назар аударуға шақырды. Ал, әрбір ата-ана өзінің жүріс-тұрысын, іс-әрекетін түзеуі шарт. Өйткені балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу