Қызылордада кәріз суы қоршаған ортаны ластап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада кәріз суы қоршаған ортаны ластап жатыр

18.01.2019

Жылына 16 миллион текше метр қалдық су далаға ағады. «Аудандардағы, облыс орталығындағы биологиялық тазарту станциялары талапқа сай келмейді», дейді экологтар. Кезінде бұл нысандарды салу үшін қазынадан қыруар қаржы жұмсалған екен.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Қызылорда қаласында 2005 жылы биологиялық тазарту станциясы салынды. Құны - 2 миллиард 600 миллион теңге. Осындай қомақты қаражатқа салынған нысан қазір толыққанды жұмыс істемей тұр. Кәріздік құбырдан шыққан қалдық су далаға ағып жатыр.

Күніне 70 мың текше метр шайынды суды тазартып, нәрлендіретін бірегей станция толыққанды жұмыс істемей тұр. Себебі, 13 жылдан бері жөндеу көрмеген нысан әбден ескірген. Техникалар тозған. Әрең қозғалатын темір бұрау, шұрық-тесік құбырлар мен тозығы жеткен трансформатор. Қазір станция тәулігіне 15 мың текше метр су ғана қабылдайды. Одан артыққа шамасы келмейді.

Венера Мұстаяпова, эколог:

- Қаладан келетін кәріз су жүйесінің бір тармағы қазіргі күні станцияға қосылмай, тікелей сүзгі алаңына ешқандай тазартусыз тасталуда. Себебі, станцияның лас суды қабылдау камерасы биікте орналасқан. Насостың күшімен көтерілгенде, қала ішіндегі құбырлар жоғары қысымға шыдамай, жарылатынын мамандар айтуда.

Барлық аудандағы жағдай осы. Жалағаш пен Шиеліде биологиялық тазарту станциясы мүлдем іске қосылмаған. Ал, Арал мен Қазалыдағы қалдық суға арналған арнайы алаң экологиялық-санитарлық талапқа мүлдем сәйкес келмейді. Жалпы, бірде-бір ауданда кәріздік қалдық шығатын жөнді жүйе жоқ.

Марат Құрманбаев, облыс бойынша Экология департаментінің басшысы:

 - Аудан орталықтарындағы бюджет есебінен салынған биологиялық тазарту станциялары мен сужинағыштар бүгінгі күні ешқандай тиімсіз пайдаланылып отыр. Барлық шыққан сарқынды су лас су алаңдарына тазартылмай тасталып отыр. Бұл жөнінде қалыптасқан жағдайға байланысты біз 2013 жылдан бері 4 рет мәселе қойған болатынбыз. Алайда, күні бүгінге дейін нәтижелі жұмыстар атқарылмады.

Экология департаментіне бір жылда 13 арыз түскен. Яғни, биологиялық станцияның маңайында тұратын тұрғындар айналадағы сасық иіске тұншығып жатыр. Талай рет тиісті орындарға шағымданып, шаршаған.

Бас шаһардағы экологиялық мәселені шешу үшін кәріздік құбырлар толық жаңалануы тиіс. Сондай-ақ, қалдық суды тазартатын станцияны қайта жаңғырту керек. Себебі, жылдан-жылға қаланың ауқымы үлкейіп келеді.

Берік Сәрменбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Осы айда мемлекеттік сараптамадан өтуге құжаттар тапсырылуда. Биыл бітіп, оған республикалық бюджеттен біз қаражат сұрауға жұмыс жасап жатырмыз.

Мәселе облыс әкімінің ерекше назарында. Аудан әкімдерінің іс-әрекетіне қызметтік тексеру жүргізіледі. Наурыз айында тиісті мекеме басшылары проблеманы шешудің нақты жолдарын ұсынуы керек. Соның негізінде өңірде арнайы жол картасы әзірленеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу