«Тойота Фортюнер» көлігі Қазақстанда жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тойота Фортюнер» көлігі Қазақстанда жасалады

12.06.2014
«Тойота Фортюнер» көлігі Қазақстанда жасалады
Инвесторлар кеңесінде тұсауы кесілген Қостанайдағы жапондық көліктерді құрастыратын жаңа желі жол талғамайтын, жоғары сапалы көліктерді өзімізде жасау арқылы импорт көлемін азайтады. Сондай-ақ, ел өндірісін дамытып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
 
Қостанайдағы машина жасау зауыты жұмысшыларының басым бөлігі жастар. Солардың бірі - Ұланбек Сәрсенов. Бір жыл бұрын Оңтүстік Кореяда арнайы курстан өтіп келген ол, бүгінде финалдық желіні басқарады. Жас жігіт жыл сайын жаңа желілер ашылып, өндіріс қуаты артып келе жатқанына қуанады.
 
Ұланбек Сәрсенов, финалдық желінің шебері:
Жұмыс жақсы. Жалақыны уақытында аламыз. Техниканың бәрі заманауи. Бүгін жаңа желі ашылғанына қуанып жатырмыз. «Тойота» әлемге танымал марка. Соның бізде жасалатынына қуанамыз.
 
Жаңа желіде жапондық жол талғамайтын «Тойота Фортюнер» көлігі құрастырылады. Қостанайлық зауыт бүгінде «Тойотаның» Орталық Азиядағы алғашқы өндіріс алаңы болып отыр.
 
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Жаңа желіде өнімнің қазақстандық үлесін арттыру қазірден бастап қолға алынған. Яғни, мұнда тек дайын бөлшектер құрастырылмайды. Көліктің қорабы осы жерде дәнекерленеді және сырланады.
 
Александр Корниенко, сырлау цехының басшысы:
Бұл сырлау цехы. Мұнда «Фортюнер» мен «SsangYong» көліктерінің шанағы сырланады. Техниканың бәрі соңғы үлгіде, Жапония мен Оңтүстік Кореядан әкелінген. 1 сағатта сегіз шанақ сырланып
болады.
 
Осы жобаның арқасында зауытта тағы 100 адам жұмыспен қамтылды. Оларға Жапониядан арнайы келген мамандар өндірістің қыр-сырын үйретті. Желіден келешекте жылына 3000 көлік шығару жоспарланған. Әзіргі меже – ішкі нарықтағы сұранысты өтеп, импорттың орнын алмастыру.

Асылбек Әлиев, «Тойота Моторс Қазақстан» кәсіпорны Маркетинг департаментінің басшысы:
«Тойота Фортюнердің» жергілікті өндірісі Қазақстанға арналған. Биыл қателеспесем 500-700 көлік шығарамыз. Келесі жылдан бастап өндіріс көлемін біртіндеп ұлғайтып, 3 мың данаға шығатын боламыз.
 
«Тойота» көліктері қазір әлемнің 115 елінде саудаланады. Ал, Қазақстанда жасалатын түрі біздің елдің климаттық жағдайына барынша бейімделген. Мамандар жаңадан жүзеге асқан бұл жоба «отандық машина жасау саласында тарихи кезең»,- деп есептейді.
 
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу