Қазақстанда бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агенттік құрылса, саланың жұмысы түбегейлі өзгереді. Сәбиге зәру қаншама отбасының жылдап күткен мәселесі шешіледі. Осы саланың басы-қасында жүрген мамандардың ортақ пайымы бұл. Жақында Елбасы агенттікті құру туралы тапсырмаға қол қойған болатын. Бұл Ұлттық агенттіктің атқарар қызметі қандай болады, пайдасы не?
Шынар Тоқтарбаеваның отбасы 8 жылдан бері сәби сүюді армандап келеді. Соңғы жылдары жетімдер үйіндегі бір тәттіні бауырына басуды жоспарға алыпты. Қазір осы мақсатына қол жеткізу үшін асырап алушы ата-аналарға арналған арнайы мектепке келіп, дәріс алып жүр.
Шынар Тоқтарбаева, Астана қаласының тұрғыны:
- Ата-ана болу - арманымыз. Асырап алған балаға жақсы ата-ана болсақ дейміз.
Өкінішке қарай, елімізде балаға зәру осындай отбасылар өте көп. Алайда, асырап алу процесі оңай емес. Бірнеше жылға созылуы мүмкін. Түйіні тарқалмай тұрған түйткілді мәселелері де жетерлік. Осы мақсатта Елбасы жақында бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агенттікті құру жөнінде тапсырма берді. «Көпшілік көптен күткен арнайы құрылым жұмысын бастаса, сала түбегейлі өзгеретін еді», дейді мамандар.
Анар Рахымбаева, «Ана үйі» қоғамдық қоры атқарушы комитетінің төрағасы:
- Бұл агенттік бізге қазір ауадай қажет. Балалар үйінің санын бірнеше есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Бала асырап алуға ниетті отбасылардың арнайы мектептерден міндетті түрде өтулері заңдастырылады.
Өйткені, баланы асырап алған кейбір отбасылар кейін жетімдер үйіне оларды қайтадан тапсырып жатыр екен. Айталық, соңғы екі жылда «Ана үйі» қоғамдық қорының көмегімен 949 бала жаңа отбасымен табысса, олардың 16-ы қайтадан жетімдер үйіне оралыпты. Онсыз да жүрегі жаралы сәбилердің қайтадан соққы алмауы үшін бала асырап алуға ниетті отбасы мүшелерін арнайы мектептерден дәріс алуларына міндеттеу керек. Заңмен. Бұл – бір. Екіншіден, қазіргі жетімдер үйіндегі жүйе ескірген. Яғни, балалармен қарым-қатынас ережелеріне екпін берілуі керек.
Құралай Жұмабекова - өзінің 6 баласынан бөлек, тағы 5 баланы асырап алған көпбалалы ана.
Құралай Жұмабекова, көпбалалы ана:
- Агенттік кең масштабта қызмет көрсетеді деп сенеміз. Яғни, бала асырап алудан бұрын, жетім балалардың санын азайтуға қызмет ететін болады. Әлемнің көптеген елдерінде жетімдер үйі деген ұғым мүлдем жоқ. Біз де осыған жетуіміз керек.
Қазіргі таңда елде 122 жетімдер үйі бар екен. Онда ата-ана қамқорлығынан ада 5337 бала жүр. Бұл мәселе, әсіресе, картада қызылмен көрсетілген Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында өзекті. Егер Ұлттық агенттік құрылса, бала асырап алу мәселесі анағұрлым жеңілдейді, ал процесс жеңілдеген соң, балалар үйінің саны да азаятыны сөзсіз. Алайда, агенттіктің нақты қашан құрылатыны әзірге белгісіз.
Бұл сала Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалардың құқығын қорғау комитетінің құзырында. Алайда, олар бүгін ресми сұхбат берген жоқ. Дегенмен, ертең толыққанды ақпарат береміз деп сендірді.
Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.