Бүгінде бала асырап алу үрдісі қалай жүргізіледі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгінде бала асырап алу үрдісі қалай жүргізіледі?

29.01.2019

Жыл сайын еліміздегі балалар үйінен мың жарымдай тәрбиеленуші ата-ана қамқорлығына өтеді. Мемлекеттің алдында мұндай мекемелерді толықтау жабу міндеті тұр. Президенттің өзі жақында  Бала асырап алу жөнінде агенттік құру туралы бастаманы қолдаған еді. Сондай-ақ, Елбасы жастар форумында да отбасы құндылығы мәселелеріне айрықша тоқталды. Бұл ретте, бүгінде бала асырап алу үрдісі қалай жүргізіледі?

Таразда тұратын Үзембаевтар отбасы 7 бала тәрбиелеп отыр. Дүниеге үш перзент әкелген ерлі-зайыпты балалар үйінен 4 баланы асырап алған. 30-ға да толмаған батыл ата-ана бүгінде берекелі өмір сүруде. Жас отбасы кішкентайларынан  келешекте көп үміт күтеді.

Ұлдана Үзембаева, 7 баланың анасы:

- Адамның қалауы мықты болса, бір-ақ сәт дейді. Құжаттарымның бәрін жинастырып, өткізгеннен кейін қаулы бір айдан соң шықты. Балалар үйінің болмағанын қалаймыз. Жамбыл облысында балалар үйі жабылды, соған қуаныштымыз.

Осындай жауапты қадамға барып, балақайларға ата-ана мейірімін сыйлағандардың саны көбейіп келеді. Жыл сайын балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны 1000-1500-ға азайып отыр. Жалпы, бала асырап алу тек қана соттың шешімімен жүзеге асырылса, ол үшін келесідей құжаттар қажет болады: Бала асырап алуға ниет білдірушінің өтініші, жеке куәлік, туыстардың жазбаша келісімі, табыс көлемі, отбасы және денсаулық жағдайы туралы анықтама, сотталмағаны туралы құжат. Сондай-ақ, асырап алушының міндетті түрде тұрғылықты баспанасы болуы шарт.

Мемлекетіміздің балалар үйін толықтай жабу жоспары бар. Соңғы 3 жылда сондай мекемелердің саны 24-ке кеміп, 122-сі ғана қалды. Жыл сайын ата-ана қарауынсыз қалған балалар да азайып, бүгінде республика бойынша 7000 бала тәрбиеленуде. Өзекті мәселе қашан да Президенттің назарында.

Жақында өткен жастар форумында Елбасы отбасы қарым-қатынасына қатысты психологиялық және консультациялық көмек көрсетілу қажетттілігін ескерткен еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

- Жас отбасыларға қолдау көрсетуіміз қажет. Жаңадан шаңырақ көтерген жастарда жауапкершілік сезімін қалыптастыруымыз керек. Ол үшін әкелер институтының құрылғаны дұрыс. Мәселен, ұл балалардың жасөспірім кезінен-ақ, өз жанұясына деген жауапкершілігін оятуға бағыт-бағдар беруге тырысқан абзал.

Қазақ - жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Үзембаевтардың берекелі өмірі соның бір көрінісі. Мемлекеттік органдар болса, асырап алу жүйесін жеңілдетті. Бастысы, балғынды жайлы отбасыға орналастырып, бақытты әрі алаңсыз балалық сыйлау.  

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу