Алматыдағы «Шыңбұлақ» тау кешеніне былтыр 600 мың турист келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы «Шыңбұлақ» тау кешеніне былтыр 600 мың турист келген

15.01.2019

Саяхатшыларды алып Алатаудың саф ауасы мен тау спорты қызықтырған. Алайда, шетелдіктер үшін бағасы қолжетімді болғанымен, мұны кейбір алматылықтардың қалтасы көтере бермейді. Себебі, кешендегі көрсетілетін қызметтің құны тым қымбат.

Нұрлан Асқарұлы, тілші: 

- «Шыңбұлаққа» келетін туристер Алатаудың тұмса табиғатына қызығып келеді. Өйткені, мұндай тау-шаңғы кешендері әлемнің басқа елдерінде де бар. Алайда, бұл жердің ерекшелігі сол ауасы шипалы.

Алматыға келсе, Алатауға соқпай кетпейтін Түркияның азаматы Ахметтің тауға деген махаббаты бөлек. Себебі, демалыс аймағы қаладан қашық емес. Ал, басқа курорттық орталықтар мен тау-шаңғы кешендерінің арасы алшақ. «Сондықтан, жол түссе осында асығамын», - дейді ол. 

Ахмет Темірташ, турист:

- Алатаудың ауасы қандай керемет, тауы теңдессіз көркем. Өзім Стамбулда тұрамын. Бізде де тау бар. Бірақ, мен үшін Алатаудың орны бөлек, қазақтың ұлы даласына аңсарым ауады да тұрады.  

Свен Ройк, турист:

- Маған курорттық аймақ ұнады. Бұған дейін жазда бір келгенмін, қысқы көріністегі қарлы шыңдарды тамашалап, таудың құдіретін сезіну үшін екінші рет келдім. Енді үшінші рет келгенде шаңғымен немесе сноубордпен сырғанауды жоспарлап отырмын.

Халықаралық деңгейдегі курорттық кешенге қыс мезгілінде күніне 2000, ал, жаз мезгілінде 1600 адам келіп, тау, тасын тамашалайды.

Юрий Кохович, Тау-шаңғы кешенін дамыту бөлімінің аға менеджері:

- Демалыс күндері күндізгі абонемент 9500 теңге, ал, 4 сағатқа 8500 теңге. Бұған курорттық аймаққа кіру және аспалы жолдармен шаңғы жолының бастауына жету кіреді. Ал, шаңғы мен сноубордты жалға алу 5000 теңге тұрады. 

Орташа есеппен алсақ, 1450 теңгеге тамақтану мен жол шығынын қосқанда, жайлы демалыс өткізу үшін 20 мың теңгенің көлемінде қаржы керек. «Алайда, бұл көпшілікке қолжетімсіз баға», - дейді кейбір келушілер.   

Дархан Ержанұлы, қала тұрғыны:

- Ауа таза, демалуға өте жақсы жер. Бірақ, бұл жерге әркім келе бермейді. Өйткені, біреуге қолжетімді, біреуге қолжетімсіз. Соған байланысты бағасы түссе, жақсы болар еді. Бір отбасынан бір адам жұмыс істеген жағдайда жалақысы 60-70 мың болады. Ол кісілер бұл жерге келіп, демалады деп айта алмаймын.

Дегенмен, орталыққа былтыр 700 мыңға жуық адам келген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда, 15 пайыз артық. Олардың 16 пайызы шетелдік туристер болса, 84 пайызы жергілікті тұрғындар мен әр өңірден ат басын бұрған азаматтар.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ   

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу