Алматы облысы: Іле ауданындағы саяжай тұрғындары жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы: Іле ауданындағы саяжай тұрғындары жарықсыз қалды

11.01.2019

Алматы облысының Іле ауданындағы аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан саяжайдан дау шықты. Қытымыр қыстың дәл орта тұсында тұрғындар жарықсыз, ауызсусыз қалды. Себебі, «Балтакөл» серіктестігінің басшылығы қарызын төлемегендердің жарығын қию туралы шешім қабылдапты. Даудың басы осы серіктестікке мүшелікке мәжбүрлеп кіргізуден басталған. Ал, аудандық әкімдіктің өкілдері бұл түйткілді 10 жылдан бері біржақты етуге қауқарсыз.

Бұл айқай-шуды көпшілік ұялы телефонға түсіріп алған. Тұрғындардың сөзінше, «Балтагүл» саяжайын «Балтакөл» атауына өзгертіп, оны менің жеке меншігім деп жүрген зейнеткер өзі құрған серіктестікке кірмегендерді жарықсыз қалдырған.

Айшолпан Әзірбаева, Іле ауданының тұрғыны:

- Жеріміздің құжаттарын Ерғали Ерғожа деген адам заңды түрде күшін жойып жібердім дейді. Олар бірінші рет емес, мен көшіп келгелі сегіз жылдан бері электр жарығын кесіп келеді. 150 мың теңге беріп, менің мүшелігіме өтсеңдер ғана тыныш қоямын дейді. 

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

- Ауызсудан тарығып, жарығы қиылған тұрғындар біртіндеп үйлерін сатуға қойған. Себебі, жарыққа ақшаларын уақытылы төлегенімен, көрген күндері осы.

Серіктестікке кірмеген тұрғындар жарыққа мүлдем қарыздары болмаса да, қараңғыда отыруға мәжбүр.  

Ерсайын Ерғожа, «Балтакөл» бақ өсіру серіктестігінің төрағасы.

- Оларға жарық қосылмайды. Тек мүше болып кіру керек. Арыз жазады, проблема шешіледі. Ақша ол екінші мәселе.

Ал, жергілікті әкімдіктің басшылығы «мәселенің мән-жайына қанықпыз, барлығын заң шеңберінде саяжайлықтардың пайдасына шешіп береміз», деп уәде берді. 

Нұрлан Орынбасарұлы, Іле ауданы әкімінің орынбасары:

- Ерғожа Ерсайынның арызы бойынша ол өзіне иемденгісі келіп отыр. Аудан әкімінің қаулысымен. Бірақ, біз оған жол бермейміз. Екі бау-бақша саяжайдың дүниесі болып қалады. Бірақ, халыққа жарық береміз.

Әділдік іздеп табандарынан тозған әлеумет енді кімнен араша сұрарын білмей дал. Себебі, 10 жылдан бері атқарушы биліктегілер жағдайды білсе де, қамсыз отыр. «Тек тілшілерді шақырған соң, амалсыз уәде берді», - дейді олар. Сондықтан, жұрт күрмеулі мәселенің түйіні тағы да тарқатылмай қала ма, деп алаңдап отыр. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу