Түркістан мен Шымкент арасында жүрдек пойыз қатынай бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан мен Шымкент арасында жүрдек пойыз қатынай бастады

08.01.2019

Облыс орталығы Түркістан мен дербес шаһар мәртебесіне ие болған Шымкент қаласы арасында жүрдек пойыз қатынай бастады. Бүгін Шымкенттен тарихи шаһарға қарай алғашқы рейс жолға шықты. Арнайы жасақталған бағыт негізінен мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс кестесіне ыңғайластырылған. Дүйсенбіде Шымкент, ал, апта соңында Түркістан вокзалынан жүреді. Теміржолдың бір артықшылығы - жол ақысы авто тасымалдан анағұрлым арзан.

Пойыздың алғашқы рейсімен Байдәулет те сапарға шықты. Басқармада бас маман болып жұмыс істейтін оның қызметі Түркістанда, отбасы Шымкентте. Облыс орталығы ауысқалы бері екі оратаға жиі қатынайды. «Жүрдек әрі жайлы пойыздың тұрақты бағыты енді жол азабынан құтқаратын болды», деп қуанып отыр.

Байдәулет Байғозиев, облыс әкімдігіне қарасты басқарманың бас маманы:

- Дүйсенбі Шымкент қаласынан шығып, аптаны аяқтап, жұма күні қайту уақыты да өте ыңғайлы қарастырылған. Бұған дейін ауа райының қолайсыздығына қарамастан қоғамдық көліктермен жүрген болатынбыз.

Байдәулет мінген пойызбен бұл күні тағы 150-ден астам адам сапарға шықты. Шымкент пен Түркістанның арасы 170 шақырым. Жүрдек пойыз жолай тек Арыс станциясына тоқтап, 2 сағаттан сәл астам уақытта діттеген жеріне жетеді. Вагон ішінде жолаушылар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Жол жүру билетін барлық теміржол кассалары мен ғаламтор арқылы алуға болады. Жол ақысы - 600 теңге.

Мұхтарбек Сүлейменов, «Қала маңы тасымалы» АҚ бас директоры:

- Пойыз құрамы 2 вагоннан тұрады. Іші 175 орынмен қамтамасыз етілген. Температуралық режим қысы-жазы сақталады. Салқындатқыш құрылғылармен қамтамасыз етілген.

Жалпы, өткен жылы тарихи шаһарға облыс әкімдігі мен министрліктерге қарасты 52 басқарма мен департамент қоныс аударды. 2 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер және олардың отбасылары түркістандықтар қатарын толықтырды. Кейінгі кезде тарихи шаһарды қызықтауға баратындар да көбейген. Құзырлы орындар осыны ескере отырып, келешекте бағыттың кестесін жиілету және ондағы вагондар санын көбейту мүмкіндігін қарастырмақ.

Ғани ҚАЛМАХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу