Талдықорғанда құмай тазы баптайтындардың қатары көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда құмай тазы баптайтындардың қатары көбейіп келеді

28.12.2018

Бекзада өнерді жаңғыртқандар ұшқырлығы ұшқан құсқа жететін жүйрік иттерді аңға салып, сән-салтанатымен сейіл құруды әдетке айналдырған. «Әсіресе, жастардың бұл бағытқа бет бұрғаны қуантады», - дейді аға буын өкілдері.

60-тан асқан Әлімбай ақсақал бала күнінен тазы жүгіртіп, аңға шығып жүр. Әкеден мирас болған бұл өнерді енді өз баласына дәріптеп келеді.

Әлімбай Мүсәпіров, қала тұрғыны:

- Артымнан ерген жалғыз ұлым бар. Сол ат жүгіртіп жүр. Тазы жүгіртіп жүр. Бірге шығамыз. Өзімнің білгенімді үйретіп жүрмін.

Талдықорғанда құмай тазының қатары жылдан-жылға артып келеді. Қазірдің өзінде әр үйде екі-үштен бар, жалпы саны 100-ден асып-жығылады. Аға буын өкілдерімен жастар да тізгінді тең ұстап келеді.

Абылай Сертербаев, қала тұрғыны:

- Міндетті түрде жиналып тұрамыз. Бас қосып, ертең үлкен қансонар жасайын деп жатырмыз. Иттерімізді жарыстырып, ішінен жүйрік тазыларды анықтаймыз.

Құмайға қызыққандар қар түскелі бері аптасына бір рет бас қосып, аңға шығуды әдетке айналдырған. Арасында тұқым жаңартып, тазыларын көбейтіп отырады. Көп болып, көкейде жүрген мәселелерді де бірге шешуге дағдыланған.

Мергенбай Аманжолов, қала тұрғыны:

- Жас балалар ілесіп жатыр. Білгенімізді үйретіп жатырмыз. Сол тұқымы жоғалмау үшін патенттеу керек деп жатыр. Ол да керек. Жақсы тазыларды бір-бірімен шағылыстырып, жақсы тұқым алу керек.

Алдағы уақытта тазы асыраушылардың өңірлік федерациясын құру жоспарланып отыр. «Бірігіп, іргесін бекемдеп, қазақтың құмайын сақтап қаламыз», дейді белсенділер. 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу