Ескірген лифттер жұрттың есін шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ескірген лифттер жұрттың есін шығарды

27.12.2018

Коммуналдық тарифтердің ішінде лифттің төлемақысы қымбат. Оған қоса, сапасы да төмен. Осылай деген наразы тұрғындар арнамызға базынасын жеткізді. Олар үшін көпқабатты үйлерде мініп-түсу мұң болып тұр. Өйткені, жедел сатылардың көбісі ескі. Қайта жаңартылған лифт күнде бұзылады. Сондықтан, сағаттап лифттің ішінде қалып қоятын алматылықтар жазым боламыз ба, деп жанын шүберекке түйіп жүреді. Себебі неде? Бітпес дауға айналған бұл түйткілді реттеудің жолы бар ма?

Өмір бойы бейнет етіп, зейнетке шыққан Гүлбарам Серікбайқызы Алматының орталығында тұрады. Лифт болғанымен, төртінші қабаттағы пәтеріне баспалдақпен көтеріледі. Жедел саты ескірген соң жаңасына ауыстырған. Алайда, құны 7 млн. теңге тұратын жаңа лифт бір жылға жетпей істен шыққан. Сондықтан, тұрғындар тоғызыншы қабатқа баспалдақпен мініп, түседі.   

Гүлбарам Серікбайқызы, қала тұрғыны:

- Лифт жиі тоқтайды. Лифт қауіпті. Өйткені, келе жатып тоқтап қалады немесе едені ашылып қалады. Төмендегі шахтасы көрініп қалады. Сондықтан, бұл лифтпен мен жүрмеймін. Бірақ, ай сайын 1700 теңге ақша төлеймін. Не үшін төлеп жатқанымызды білмеймін.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

Тұрғындардың өтініші бойынша біз қаладағы бір лифтіні тексеруге келдік. Қазір мен 9-қабатқа көтеріліп көрейін. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, лифт жай жұмыс істеп жатыр. Яғни, бұл қайта жаңғыртудан лифттің дұрыс жұмыс істемей тұрғандығын көрсетеді.

Белгілісі, лифтте болған оқыс оқиғаға қатысты сервистік компания жауап бермейді екен. Осы мәселені оңтайлы реттеу үшін Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының өкілдері елімізде кембағал жандарға арналған лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар мен көтергіштерді жеткізу, орнату және пайдаланудың жаңа талаптарын белгілейтін Ұлттық стандарт бекіткен.

Ержан Игібаев, Қазақстан лифтішілері ұлттық қауымдастығының басшысы:

- Сәуір айында тиісті министрлікпен ұлттық стандарттарды бекіту міндетін қойдық. Бұл ұлттық стандартта біз сервистік қызметті күшейтуді және жауапкершілігін арттыруды мақсат еттік. 

Қазір Алматыда 6 мың лифт болса, оның 1500-іне күрделі жөндеу жүргізу қажет. Ал, еліміздегі 19 мың лифттің 6000-ы ескірген. Сондықтан, жеделсаты проблемасы тұрғындар үшін қиындық тудырып отыр. Өйткені, темір механизмнің «қырсығы» қашан ұстайтындығын көпшілік білмейді. Мамандардың сөзінше, отандық лифт өндірісін дамытуға мемлекет тарапынан қолдау бар. Себебі, құны қымбат шетелдік жедел сатылардың сапасы сын көтермейді.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу