Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылына газ келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылына газ келді

21.12.2018

Бүгін ауыл мешіті мен алғашқы үйлер көгілдір отынға қосылды. Жобаның инвесторы - Мәскеу олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров мешіт пен бірнеше үйге газ құбырын тегін тартып берді.

Бүгін жетігендіктердің қуанышында шек жоқ. Тіпті, күннің суығына қарамастан табиғи газды тұтату рәсіміне халық көп жиналды. Өйткені, тұрғындар көгілдір отынды көп жыл күткен.

Бағдат Қарасаев, Іле ауданының әкімі:

- Қазіргі күні газ 24 мың халқы бар Жетіген ауылдық округына келді. Бұл жерге жоспар бойынша 5 мың абонент Жетіген ауылына, сонымен 2 мың қалған үш ауылды газдандыру жоспарланған.

Табиғи газға алғаш болып қосылғандардың бірі - Ильнура Бадалова. Талай жыл от жағып, оған жылымаған бөлмені тоқ пешпен қыздырып әбден қиналған Ильнураның балалары да бүгін жып-жылы үйде асыр салып ойнап жүр.

Ильнура Бадалова, ауыл тұрғыны:

- Газ болсын деп армандаушы едім, сол күнге жетіп отырмыз. Рахмет.

Ауылдықтарды шаттыққа бөлеген игі жобаға Мәскеу олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров демеушілік жасады. Ел мақтанышы өз қалтасынан 2 млрд. теңгеге жуық қаржысын құйған. Тіпті, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен бірнеше отбасына газ құбырын тегін жеткізіп берді.

Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Біз жасамағанда кім жасайды?! Сырттан келіп біреу бізді жарылқамайды. Біздің өзіміздің жастарымыз, өзіміздің халқымыз үшін әрқашан еңбек етуіміз керек. Сондықтан да, біз қолымыздан келгенше халықпен біргеміз.

Қазір аймақтағы 31 елді мекеннің 26-сына көгілдір отын жеткізілді. Осылайша, ауданның 85 пайызы табиғи газбен қамтылды. Ал, жергілікті билік пен ел мақтаныштары бірлесіп, мұндай игі істі алдағы уақытта да жалғастыра бермекші.

Аманкелді СЕЙІТХАН 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу