Жезқазған өңірін дамыту жоспары жүйелі түрде іске асуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған өңірін дамыту жоспары жүйелі түрде іске асуда

10.06.2014
Жезқазған өңірін дамыту жоспары жүйелі түрде іске асуда
Жезқазған өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Қазір мұнда бірнеше бағыт бойынша геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде.
 
Бейнеуге дейінгі теміржол құрылысы да аяқталуға жақын. Одан тыс жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр. Осынау игіліктің куәсі болған жергілікті ақсақалдар Елбасыға ризашылықтарын білдіріп хат жолдады. 
 
Елбасыға хат жолдаған ақсақалдар қатарында Сұлтан Сүтбаев та бар. Өзі геология саласында 40 жыл еңбек еткен. Жезді өңірдің әр тау-тасы мен ой-шұңқыры оған жақсы таныс.
 
Бүгінде жергілікті кеніштер ортайып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмендей бастаған тұста Үкіметтің игілікке толы кешенді жоспары уақтылы келді. Онда әсіресе минералды шикізат қорын ұлғайтуға баса мән берілген, дейді ақсақал.
 
Сұлтан Сүтбаев, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Кешенді бағдарламада 23 миллиард 100 миллион теңге тағы қаралып отыр. Осы өңірде жаңа геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуі керек деген. Кен орындарын қосады. Мұның қорын молайтады деп үміттеніп отырмыз.
 
«Жезқазған-Бейнеу» теміржолының құрылысы аяқталған соң еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының дамуына оң серпін бермек. Жаңа теміржолдың жалпы ұзындығы 988 шақырым болса, оның 547 шақырымы Жезқазған мен Сексеуіл арасын жалғап жатыр. 
 
Теміржол бойында орналасқан Жезді, Қарсақбай, Қоскөл сынды бірнеше елді мекен қайта гүлденіп, жапан далаға жан бітеді. Теміржолмен жылына 21 миллион тонна жүк тасымалданады. Яғни, алыс-беріс, барыс-келіс ұлғаяды.
 
Батырбек Мырзабеков, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Осы өңірдің өзінен теміржол бойында 10 мың адам жұмыс істемек. Мен сізге айтайын, Қоскөл деген мекен бар. Сонда экономика құлдырап, тоқырау болғанда қиыншылыққа төзбей көшіп кеткендер бар. Қазір сол арадан бос үй таба алмайсың.
 
Кешенді жоспар аясында Жезқазған қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында 46 жоба қолға алынған.
 
Атап айтсақ, индустриялық-инновациялық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, ауылға жәрдем беру және экологиялық ахуалды жақсарту сынды бірқатар ілкімді істің басы қайтарылмақ.
 
Виктория Ставицкая, Жезқазған қаласы экономика, қаржы және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:
2013 жылы Үкіметтің шешімімен Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспарына өзгертулер мен толықтырулар еңгізілді. Қарастырылған қаржысы 351 миллиард теңге жетті. Соның ішінен 46 жобаны қолға алған Жезқазған қаласына 261 миллиард теңгесі тиесілі.
 
Қалада қазір кәсіпкерлік те қарқын ала бастады. Мәселен бұл кәсіпорын Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша іске қосылған. Мұнда ауыр жүк көліктеріне, жеңіл көліктерге арналған ауа сүзгіштер жасалады.
 
Жақын арада жанар-жағармай сүзгіштерін де өндіруді қолға алмақ. Кәсіпорын толық жобалық қуатына шыққан кезде жылына 750 миллион теңгенің өнімін өндірмек. Зауыттың экспорттық мүмкіндігін молайтуға Еуразиялық экономикалық одақ кең жол ашып отыр,  дейді кәсіпорын басшысы.
 
Сергей Онищук, кәсіпорын басшысы:
Зауыт толық өндірістік қуатына шыққан соң өнімді экспортқа шығаруды мақсат етіп отырмыз. Дәлірек айтсақ, тауарымызды көршілес Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Ресей нарығына өткізуді жоспарлап отырмыз. Өніміміздің сапасы бәсекеге төтеп бере алады.  
 
Мемлекеттік бағдарламаның пайдасы тиген жобаның бірі - Жезқазғандағы жылыжай кешені. Жылына шамамен 182 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ жиналады.
 
Сонымен қатар, гүлдің де сан түрі өсіріледі. Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданындағы абаттандыру жұмыстарына қажет гүл осы жерден алынады.
 
Жасұлан Молдабаев, жылыжай агрономы:
Біз қазір лимон және банан тұқымдарын өсіріп көріп жатырмыз. Жылыжайдың бір бұрышына ектік. Экзотикалық ағаштарды көбейтсек пе деп едік. Әзірге бұл эксперимент түрінде, егер жерсінсе болашақта қолға аламыз.
 
Соңғы үш жылда Жезқазған аймағында Индустрияландыру картасы аясында құны 971 миллион теңге болатын 7 жоба іске қосылды. Оларда 500-ге жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді. Игі бастама жалғасын таба бермек.
 
Елбасы Жолдауында тапсырылған кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша биыл тағы 6 жоба мемлекеттік грантқа ие болған.
 
Жалпы Жезді өңірді дамытуға бағытталған кешенді жоспар 2020-шы жылға дейін кезең-кезеңімен орындала бермек. Жергілікті жұрт ешқайда көшпей, өндірісті өлкенің екінші тынысы ашылады.
 
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу