Қазақ ғалымдары ашық ғарышқа «Al-Farabi-2» наножерсерігін ұшырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ ғалымдары ашық ғарышқа «Al-Farabi-2» наножерсерігін ұшырды

21.12.2018

Қазақ ғалымдары ашық ғарышқа «Al-Farabi-2» наножерсерігін ұшырып, шексіз кеңістікке тың соқпақ салды. Енді наноспутник ғарыш кеңістігіндегі айшылық алыстан қас-қағым сәтте Жерге ақпарат жібереді. Бұл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мамандарының биыл қол жеткізген зор табыстарының бірі. Себебі, бұған дейін «Al-Farabi-1» наножерсерігі ұшырылған. Жалпы, галактиканы игеру жасанды жер серіктерін ұшыру отандық ғылымға не береді? Бұл артық шығын емес пе? Әлем ғалымдары Жерді қойып, ғарышты игеруге неге ынтық?

Мынау 4 желтоқсан күні АҚШ-тың Калифорния штатындағы ғарыш алаңында «Falcon 9» зымыран тасымалдаушысының «Al-Farabi-2» наножерсерігін ғарышқа сәтті алып ұшқан кезі. Осы күннен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ашық ғарыштағы тарихи кезеңі басталды. 

Әмірхан Темірбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми технологиялық паркінің директоры:

- Бүгінгі таңда «Al-Farabi-2» штат ретінде жұмыс жасап жатыр. Жалпы, күнде болып жатқан Күн активтілігінің жердегі жер сілкіністеріне байланысы бар ма, жоқ па? Осы сұрақтарға болашақта жауап беретін боламыз. Одан бөлек, біздің спутнигіміздің басқа спутниктерден ерекшелігі - өзінің орбитасында ұшып отырып, әлемнің оннан аса тілінде Жерге хабар бере алады. 

Сандық ақпарат беру тәсілі хабарды дәл сол уақытында беретін болғандықтан, кез келген қауіпті дер кезінде ескертуге қолайлы. Сондықтан, қазір бұл озық технологияға дамыған елдер ден қойып отыр.

Озат Түйенбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті физика-техникалық факультетінің аға оқытушысы:

- «Цифрлы Қазақстанға» ие болам десе, бәріне осы технологияны меңгеру міндетті. Онсыз қорғау мүмкін емес. Соған дайын мектеп жасалды. Ұйымдастырылды, ақпарат жасалды. Нағыз ғарышта тексерілді.

«Al-Farabi-2» наножерсерігін жасау университет қабырғасында үлкен мектеп қалыптастыруға сеп болды. Енді мұнда PhD докторантура, магистратура, тіпті бакалаврда оқитын студенттер де теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Оған қоса, қазір ғарыштан ақпарат қабылдауды мектеп оқушылары да меңгере бастаған.  

Нұрзат Кенжебаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс PhD докторанты:

- Мұндай тәжірибені әдетте ғарыш агенттіктерінде немесе ғарыш компаниясында ала алады, ал, біз университет төңірегінде осындай тәжірибе алып жатырмыз.

Ашық ғарыштан ақпарат беретін «Al-Farabi-2» наножерсерігін пайдаланып, ғалымдар жердің жылынуы, экологиялық зардаптар сияқты төтеннен келетін қауіптерді алдын ала болжамақ. Сондықтан, Қазақстан үшін емес, көршілес елдер үшін де өте пайдалы. Өйткені, Орталық Азияда алғаш рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті наножерсерігін ашық ғарышқа шығарып отыр. Ғалымдар мұнымен шектелмей, болашақта наножерсерігінің басқа да түрлерін жасамақшы.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу