Террористік аумақтардан 91 қазақстандық бала елге қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Террористік аумақтардан 91 қазақстандық бала елге қайтарылды

19.12.2018

Қазір мамандар оларды дерадикализациялау және оңалту жұмыстарымен айналысып жатыр. Өйткені, қақтығыс аймақтарынан оралған балалардың көбісінде психологиялық ауытқу байқалады. Осы және өзге де өзекті мәселелер бүгін республикалық семинар барысында талқыланды.

Соғыс болып жатқан аймақтардан қайтарылған балалардың басым бөлігі қазақ тілін білмейді. Араб немесе түрік тілдерін ғана түсініп, сөйлей алады. Сирия мен Ирактан оралған балалардың бәріне ортақ проблема осы. Сауаты жоқ, әріп танымайды, тіл білмейді. Оларды оңалтып, ортаға бейімдеу үшін елдің әр өңірінен осындай 14 орталық ашылды.

Айдана Ерікқызы, Ақтөбе облыстық Кәмелетке толмағандармен жұмыс орталығының директоры:

- Басында келгенде қорқыныш сезімі пайда болады. Кейін 1 ай өткеннен кейін ашылуы мүмкін. Қазіргі жағдайымен салыстырғанда  айырмашылық жер мен көктей.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

- Мұнда мамандар балаларға психологиялық көмек көрсетеді. Ал, қақтығыс аймақтарынан келген балалар үшін мынадай кішкентай ойыншықтардың өзі зор қуаныш. Өйткені, олар ол жақта болған кезде мұндай ойыншықтардың бірде-біреуін көрген жоқ.

Жалпы, соңғы 2 жылда Қазақстанға 39 отбасы қайтарылды. Олардың ішінде кәмелетке толмаған 91 бала бар. Оның тең жарымы 6 жасқа дейінгі, қалғаны мектеп жасында. Террористік аймақтан қайтарылған балалардың барлығы бүгінде білім алып жатыр. Бірақ, көбісі қатарластарымен емес, өзінен бірнеше сынып төмен оқуларына мәжбүр. Өйткені, Ирак пен Сирияда болған жылдары олар мектепке мүлдем бармаған. 

Ержан Ерсайынов, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

- Араларында Сирияда 5-6 жыл тұрғандар бар. Мектепке бармағандар бар. Кейбіреуі Сирия мектебінде оқыған. Олардың бағдарламасы бөлек, солармен жұмыс істеп жатырмыз. 

Қазақстандық тағы жүздеген бала соғыс аймақтарында жүр. Ендігі мақсат - еркінен тыс аласапыран аймақта қалып қойған ол бүлдіршіндерді де елге қайтару. Айта кетейік, шетелдегі соғыс аймақтарында қылмыс жасаған бала Қазақстанда еш жауапкершілікке тартылмайды. 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу