Түркиядағы азаматтардың бір легі Қазақстанға қайтарылды

25.03.2020

Коронавирус шетелде жүрген отандастарымызды біраз әбігерге салды. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, бірқатар елдермен әуе қатынасы тоқтатылғанда көптеген қазақстандықтар елге қайта алмай орта жолда қалды. Кеше Түркияда қалып қойған сондай туристердің бір легі Қазақстанға қайтарылды.  

Қазақстанның Стамбулдағы консулдығы жолаушыларға ыстық тамақ пен жатын орын әзірлеп, қиын жағдайда қалған кей отандастарымызға қайтар билеттерін де алып берді. Жалпы Түркияда қазір сақтық шаралары күшейтілген. Елде жасы алпыс бестен асқан адамдардың көшеге шығуына тыйым салынды. Бүгінге дейін коронавирустан қайтыс болғандар саны 44 адамға, ал жұқтырғандар 1872-ге жетті.

Әзірге Түркияда елге қайта алмай қалған қазақстандық жоқ. Тек осында оқитын немесе жұмыс істейтін азаматтар ғана қалған. Соңғы үш күнде Түркия арқылы елге барлығы 800-ден астам адам қайтарылды.

Айдос ӘШІМҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу