Сайранбай Дөненбаев - қарапайым шопаннан алып шаруа қожалық иесіне айналған еңбек адамы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайранбай Дөненбаев - қарапайым шопаннан алып шаруа қожалық иесіне айналған еңбек адамы

13.12.2018

Табан ақы, маңдай термен тапқанын ел игілігіне жұмсайтын ерекше қайырымды жан. Тынымсыз тірліктің арқасында қарапайым шопаннан алып шаруа қожалық иесіне айналған Жамбыл облысының тұрғыны туған ауылына 5 миллиард теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетіп, соңғы 10 жылда 20-дан астам нысан салып берген.

Бүгінде жергілікті халық соның игілігін көріп отыр. Қазір еңбек адамы Сайранбай Дөненбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттай бастады. Тірлігі мен бірлігі жарасқан шаруашылыққа өңірдегі тілшіміз Сәбит Әлдебай барып қайтты.

Сайранбай Дөненбаевтың шаруа қожалығында алғашында небәрі 362 қой, 26 сиыр, 30 шақты жылқы болған. Жылдар бойғы тынымсыз еңбектің арқасында бүгінде қой басын 52 мыңға жеткізіп, жылқы санын 2 мыңнан асырды.

Сайранбай Дөненбаев, шаруа:

Бұған бет бұрған себебім - өзім шопан болып қызмет жасағаннан кейін осы қой шаруашылығын дамытсам деген ой болды. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір», деп қойдың пайдасын елімізге танытуды мақсат тұттым. Қазір міне, 22 жыл болды бұл шаруашылыққа. Алғашында қиын болды.

Енді шаруашылық мал басын асылдандыру ісіне ден қойып отыр. Етті бағыттағы қой мен жылқы өсіріп, өнімді Астана, Алматы қалаларына өткізіп жатыр. Тіпті Біріккен Араб Әмірлігі мен Иран мемлекеттеріне ет экспортай бастады. Жергілікті «Меркі ет» комбинатына жыл басынан бері 8 мың бас қой етін жөнелткен.

Сайранбай Дөненбаев, шаруа:

Көктемде мамыр айында басталды. Аяғы қазанға дейін сойылды. Енді 5 мың басты откомға қойып отырмыз. Оны да осы бүгін-ертең бастаймыз. Сонда 12-13 мың бас жас төл экспортқа кетеді.

Қазір шаруа қожалығында 220 адам тұрақты жұмыс істейді. Мұнда тиімді жүйе қалыптасқан. Жалақы көлемі еңбек өтіліне қарай тағайындалады.  Ал орташа айлық 130 мың теңге. Жұмысшылардың балаларына арнап ауылда 150 миллион теңгеге интернат пен 92 орындық балабақша салынды. Ал Жарлысу ауылында дала еңбеккерлері мен шопандарға 10 үй тұрғызылған. Онда 20 отбасы тұрады.

Жандос Айтжанов, бригадир:

Қаладағы жоқ нәрселер ауылда бар. Шопан болып келдік. 12 жыл баққан еңбегімізге міне, үй берді. Енді көлік беретіндерге көлік беріп жатыр. Әркімді өзінің еңбегіне қарай бағалап.

Кәсіпкер халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге жылда кемінде 50 миллион теңге бөледі. Келер жыл «Жастар» жылы деп жариялануына байланысты ауылдық жасөспірімдерге спорт нысаны мен 60 орындық балабақша салып бермек.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу