Шалғайдағы шағын шаһарларға шырай кіруде. Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарламалардың арқасында моноқалалар қайта дамып келеді. Мәселен, Кеңестік кезеңде өндіріс қалашығы болып, кейін қараусыз қалған Қаратауда күннен-күнге халық саны артып отыр. Мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тіркелушілердің қатары көбейген. Жыл басынан бері 290 отбасы пәтерге қол жеткізді.
Сәбит Әлдебай, тілші:
Кезінде ірі өндіріс қалашығы болған Қаратау қаласындағы тұрғын үйлер тоқырау жылдары тоз- тозы шығып, тоналып қалған болатын. Мемлекеттің моноқалаларды дамыту бағдарламасы арқылы ондай жарамсыз үйлер жермен жексен етіліп, орны тегістелді. Ал, сейсмикалық жағынан жарамды деп танылған көпқабатты үйлер қайтадан қолданысқа енгізіле бастады.
Биыл қоныс тойын тойлайтындардың қатарында жалғызбасты ана Забира Тәнкібаева да бар. Жақында ғана пәтер кілтін алды. Қазір бала-шағасымен көшіп келудің қамына кірісіп кетті. Үйде жылу бар, енді тек есіктің алдына келіп тұрған газ құбырлары мен жарық жүйесін тартып алу қалған.
Забира Тәнкібаева, Қаратау қаласының тұрғыны:
- Баспанасыз өте қиын екен. Жалдап жүрдік, қиналдық. Әкімдікке барып, кезекке тұру керек екенін естіп, төрт жыл осы кезекте тұрдық. Пәтерді алып, қуанышқа кенеліп жатырмыз.
Шағын шаһарда бұған дейін бұзылып, жөндеуге жарамай қалған 20 көпқабатты үйдің орны тазаланды. Ал, 15 көпқабатты үйді кезең-кезеңімен жөнге келтіру жоспары бар.
Мақсат Рысбаев, Қаратау қаласы әкімінің орынбасары
- 28 мың шаршы метрді құрайды. 440 пәтер береміз деп жоспарлануда. Қазіргі таңда екі үй қолданысқа берілді. Ағымдағы жылдың аяғына дейін қалған қосымша пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бүгінде 30 мыңнан астам тұрғыны бар қалада 1800-ге жуық азамат баспана кезегінде тұр. Басқа да әлеуметтік нысандар қалпына келтіріліп, бірқатар жаңа ғимарат ел игілігіне берілді.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ