Семейде құс фабрикасының жұмысы жанданып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде құс фабрикасының жұмысы жанданып келеді

10.06.2014
Семейде құс фабрикасының жұмысы жанданып келеді
Семейдегі құс фабрикасының іске қосылғанына көп уақыт өте қоймаса да ісі ілгерілеп, тірлігі тиянақталып келеді. Соның арқасында Шығыс Қазақстан өңіріндегі тұралап қалған жұмыртқа өндірісін аяғына тік тұрғызуға мүмкіндік туып отыр. Бірте-бірте облысқа өнімнің бұл түрін   шеттен тасымалдау доғарылатын болады.
 
Жұмыстарын ұтымды ұйымдастырып жүйелі жолға қойған фабрика ұжымы келер жылдан бастап жергілікті өніммен өңір тұрғындарын толық қамтамасыз етуге қол жеткіземіз, деп отыр.
 
Семей құс фабрикасы еліміздің шығыс өңіріндегі жұмыртқа өндірісімен шұғылданатын жалғын кәсіпорын. Облыс аумағына өнімнің бұл түрі негізінен Ресей мен Беларусь Республикасынан тасымалданады.
 
Тез бұзылатын тағам саналатындықтан тұтынушы сұранысына сай сапалы өнім тапшы. Жергілікті фабрика іске қосылғалы мәселе оң шешімін таба бастады.
 
Амангелді Қабыкенов, құс фабрикасының технологы:
Модернизациялау бағдарламасы бойынша алты корпустың төртеуі іске қосылды. Жұмыс істеп тұр. Мөлшері алпыс мың дана жұмыртқа шығарылады.
 
Фабрика цехтары шетелдік қондырғылармен жарақтандырылған. Алғашқы 6 айдың ішінде 4,5 миллион жұмыртқа өндірілді. Кәсіпорын басшылары бұл бастамасы ғана деп отыр. Келер жылы бұл меже бес есеге дейін арттырылатын болады. Оған мүмкіндік молынан жетеді.
 
Ең бастысы үкіметтің қолдауының көп көмегі тиіп отыр. Яғни, өндірілген әрбір жұмыртқаға 2 теңге субсидия беріледі. Бұл қаржы өндірістің қарқын алып, дамуына жол ашып отыр.
 
Қайрат Уәлиев, құс фабрикасының директоры:
Қазіргі уақытта мемлекеттің түрлі бағдарламасы бар. Сол бағдарламаларды іске асырса. Қалай пайдалану керек, соны дұрыстап ойластыру қажет.
 
Әзірге фабрика өз өнімімен жергілікті нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етуде. Кәсіпорынды ұлғайту үшін бірқатар инвестициялық жобалар жасалған. Олардың бірі - жемді дайындайтын ірі база құрылысы.
 
Мамандар құсқа қажет азықты өзімізде шығару арқылы бағаны арзандатып, шетелдік өнімге бәсекелестікті арттырмақшы.
 
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу