Арқалық қаласында жаңа ет комбинаты жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалық қаласында жаңа ет комбинаты жұмысын бастады

21.11.2018

Бұл кәсіпорын Қостанай облысының оңтүстігіндегі шаруалардың сұранысына сай салынды. Себебі, негізінен төрт түлік өсіретін өңірде бұған дейін ет өткізетін орын болған жоқ. Жаңа комбинат, сонымен қатар, Ақмола, Қарағанды облыстарының Арқалықпен шектесетін аудандарын қамтиды.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Асқат Қазиев Аманкелді ауданының Қаражар қонысын қыстап отыр. Осыдан екі жыл бұрын 4 миллион теңге несиеге 20 сиыр сатып алған еді. Бүгінде мал саны екі есе көбейді. Алайда, бағымы келіскен түлікті сатуға келгенде қиындық туындайтын. Делдалға саудалап, алысқа тасымалдап шығынға бататын.

Асқат Қазиев, шаруа:

-Қостанайға апаратын едік етті. 400-500 шақырым жер. Көлік жалдайсың. Шығыны көп. Енді Арқалықтан ашылғаны жақсы болды. 100 шақырым ғана қашықтық.

Жобаның жалпы құны - 2 миллиард теңге. Комбинат құрлысы наурыз айында басталды. Қазір нысан толық салынып бітті. Польшалық мал сою қондырғылары орнатылып, өнім өндіру ішінара басталып та кетті.

Желіден енді шыққан өнімнің дәмін алғашқылардың бірі болып облыс әкімі татып көрді. Кәсіпорынның жұмысымен танысып, келешекте атқарушы билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Комбинат толық қуатына енгенде 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Тәулігіне 10 тонна өнім өндіреді. Оның 3 тоннасы шұжық, 1 тоннасы консервіленген, қалғаны өңделмеген ет.

Расул Мұқанов, ет комбинатының директоры:

-Қазіргі уақытта сою цехы толық жұмыс істеп тұр. Шұжық және консерві цехынан алғашқы өнімдерді сынақ түрінде шығарып көріп жатырмыз. Қазірдің өзінде бізде 60 адам жұмыс істеп жатыр.

2019 жылы ет комбинатының қасынан 3 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорынды тұрақты түрде сапалы шикізатпен қамтуға жол ашады.  Жұмыс оңға басса, өнімді экспортқа шығару жайы да осы бастан ойластырылып жатыр.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу