Қостанай: «Торғай ет» толық қуатына жете алмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай: «Торғай ет» толық қуатына жете алмай тұр

08.12.2021

2 жыл бұрын ашылған Арқалық қаласындағы ет комбинаты толық қуатына көше алмай тұр. Кәсіпорында жылына 3 мың тонна ет өңделуі тиіс болса, қазір сол меже тек 30-40 пайызға ғана орындалады. Бұған шикізат тапшылығы мен шығарылатын өнімнің қымбаттығы себеп. Торғай өңірі үшін маңызы зор өңдеуші кәсіпорынның жұмысын жандандырудың жолы қандай? Дәуренбек Әбдібек анықтады.

Қанат Бастөрин - ет комбинатында еңбек ететін 42 адамның бірі. Ауылда өскен азаматқа мал сою жасынан таныс. Мұндағы міндеті - сойылған малдың етін сұрыптау. Өз жұмысын ол ерекше өнер деп бағалайды. Сондықтан мінсіз атқаруға бар ынта ықыласын салады.

Қанат Бастөрин, ет комбинатының жұмысшысы:

Етті сүйектен ажыратып, сіңірінен бөліп, етті сұрыптаймыз. Өзіме ұнайды бұл жұмыс.

Бұл жерде сұрыпталған ет әрі қарай өңдеу цехтарына жіберіледі. Комбинаттың қуаты тәулігіне 3 тонна шұжық, 1 тонна консервіленген ет шығаруға жетеді. Алайда қазір осы тәуліктік норма бір аптада орындалады.

Бұған себеп комбинатқа күнде мал әкеліп тапсырып жатқандар жоқ. Яғни шикізат тапшы. Екіншіден, жол шығыны қосылып, үлкен қалаларға апарған дайын өнімнің бағасы қымбаттайды. Сондықтан өтімі де төмен. Алайда кәсіпорын басшылары қол қусырып қарап отырған жоқпыз дейді.

Расул Мұқанов, ет комбинатының директоры:

Айына екі рет жәрмеңкеге қатысамыз. Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 6 дүңгіршек ашылады. Кәсіпкерлермен келісімшарт жасаймыз, олар біздің өнімдерімізді өткізетін болады.

Ал шикізат мәселесін шешу үшін қаладан 10 шақырым жерде 7 жарым мың мал ұстауға жарайтын бордақылау алаңы салынды. Әзірге мұнда мыңға тарта ірі қара, сондай көлемде ұсақ мал, аздаған жылқы және түйелер бар. Әкімшілік, жұмысшылар үйі, зертхана ғимараты да дайын. Мал тұратын 8 ашық албар мен 4 жабық қора салынып бітті.

Қаратай Нұрманов, бордақылау алаңының меңгерушісі:

Қораларға барлық коммуникация келіп тұр. Жарық, кәріз жүйесі бар. Су автоматтандырылған. Жем-шөп техникамен беріледі.

Сонымен қатар комбинат жанынан бордақыдағы малға қоспа-жем өндіретін цех салынған. Оның қуаты жылына 25 мың тонна өнім шығаруға жетеді. Мұның бәрі өңдеуші кәсіпорынның толық қуатымен тұрақты жұмыс істеуіне жол ашуы тиіс.

Дәуренбек Әбдібек


Қостанай Торғай ет

Хабарламаларға жазылу