Атырау облысында қымыз бен шұбат дайындайтын жаңа цех іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында қымыз бен шұбат дайындайтын жаңа цех іске қосылды

09.06.2014
Атырау облысында қымыз бен шұбат дайындайтын жаңа цех іске қосылды
Атырау облысы Индер ауданының Көктоғай ауылында қымыз бен шұбат дайындайтын жаңа цех іске қосылды. Қазірдің өзінде шипалы сусындарға ішкі нарықта сұраныс жоғары. Алдағы уақытта шаруашылық келісімшартқа сай, өнімдерін Ресейге жібермекші.
 
«Өнімдеріміздің шетел асуына Кедендік одақтың тигізген үлесі зор», дейді шаруашылық басшысы.
 
Жергілікті кәсіпкердің мұндай кәсіпорын салып, оңды істі қолға алуына мемлекеттің қолдауы түрткі болды. Индустрияландыру картасы аясында несиеге алған 225 миллион теңге қаржының тең жартысын Үкімет өтейді. 
 
Шаруашылықтағы биелер бір сауғанда литрге жететін сүт береді. Сауыншылар болса, бас-аяғы 20 биені күніне 4 мәрте сауады. Болашақта олар жұмыстарын автоматты түрде жүргізеді.
 
Ол үшін малдарды сауатын арнайы құрылғыларға тапсырыс беріліп қойған.
 
Әзірге тек дайын өнімді қаптайтын арнайы қондырғылар сатып әкелінген. Цехтың ашылуына қатысқан облыс басшысы  ауылдықтарды мемлекеттік бағдарламалардың көмегін көптеп пайдаланып, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті арттыру керектігін жеткізді.
 
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығымен айналысамыз дегендерге, бұл - табыстың көзі. Бұрынғы Кеңес кезінде де ауыл шаруашылығы болды, бірақ, қазіргідей табыс болған жоқ. Неге десеңіз, 80 пайызын үкімет төлеп отыр. Қаншама субсидия беріледі. Мал өсірсеңіз, асылтұқымды мал басына төленетін ақша бар. Шағын несие өз алдына.
 
Төлдеу науқанынан кейін шаруашылықтағы түліктің қатары 20 құлын және осынша ботамен толықты. Келер жылы олардың саны тағы да өседі.
 
Серіктестік басшысы сол кезде ішкі нарықтың сұранысын ғана қанағаттандырмай, өнімдерді шетелге де экспорттауға да шамамыз жетеді, дейді. Ал, ұлттық өнімдерге қазірдің өзінде ресейлік компаниялар қызығушылық танытып отыр. 
 
Ақеділ Шалхаров, шаруа қожалығының басшысы:
Қазіргі уақытта күніне 100 литр шұбат, 60 литр қымыз дайындалады. Негізгі цехтың өндіретіні күніне 1000 литр. Болашақта осы сүт өнімдерін Ресейге де, Қазақстанға да тапсырамыз.
 
Шаруа қожалығының басшысы тек сүт өнімдерін өндірумен шектелмек емес. Бизнес жоспарына сәйкес, малдың етін консервілейтін жаңа цех ашпақшы. 
 
Сонымен қатар, 10 гектар алқапқа егілген бау-бақша өнімдерінен алма мен қызанақ шырынын дайындамақшы.
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу