Шардаралық диқандар биыл егістіктің бірнеше түрінен межедегіден артық өнім алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардаралық диқандар биыл егістіктің бірнеше түрінен межедегіден артық өнім алды

16.11.2018

Ала жаздай тынымсыз еңбек еткен шаруалар 30 миллиард теңгенің ауыл шаруашылық дақылын жинады. Осындай табыстың арқасында жер өңдейтін 200-дей жаңа техника сатып алынды. Бұл шаруаның жұмысын жеңілдетіп, қол күшіне тәуелділіктен арылтты. Жиналған мақта талшығының жартысына жуығы комбаиндармен терілді. 

Айтбай Айбеков биылғы жылдың үздік мақташысы атанды. 12 гектар жерге шит сепкен диқан өзгелерге қарағанда екі есе көп өнім жинады. Әр гектардан 45 центнерден мақта терілді.

Айтбай Айбеков, шаруа:

- Жоғары жетістікке жету үшін күзде жер айдалу керек. Міндетті түрде тегістеп, дәрісін уақытылы себу керек. Сол кезде ғана бітік өнім алуға болады.

Мақтаны осындай тиімді әрі жаңашыл тәсілмен егетін диқандардың қатары көбейді. 333 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен шит себілді. Соның арқасында қалыпты егістен бірнеше есе көп өнім алынды. Шикізатты өңдеу ісі де жанданып келеді. Ауданда биылғы жылы мақта талшығын өңдейтін тағы екі кәсіпорын іске қосылмақ.

Болатбек Қыстауов, Шардара ауданының әкімі:

- Оның біреуі 50 мың тонна мақта өңдейді. Жоба құны 3 миллиардтан асып отыр. Сондай-ақ, Шардара қаласында 200 мың тонна өнім өңдейтін кәсіпорын іске қосылатын болады. Оның жобалық құны 800 млн. теңге. Жалпы, осы жобаның өзінде 424 адам жұмыспен қамтылады.

Шардаралық диқандар биыл күріштен де мол өнім жиды. Қамбаға 8 мың тоннадай «ақ маржан» құйды. Оның 40 пайызы ішкі нарықта саудаланса, қалған бөлігі Ауғанстан мемлекетіне экспортқа жіберілмек.

Рақымберді Айтмырзаев, шаруа:

- Экологиялық таза күріш өндіру мақсатымен агрономиялық жолдарын есептеп, гербицид, химиялық тыңайтқыш пайдаланбай, таза өнім алып, негізінен шетелге өткізіп жатқан жайымыз бар.

Жиын-терім науқанын табысты аяқтаған шаруалар жәрмеңке жасап, «Алтын күз» мерекесін өткізді. Дархан пейіл диқанның арқасында жұрт қысқы азық-түлігін қамдап алды. Шат-шадыман күйде өткен мерекеде «жылдың  үздіктері» әйгіленіп, жұрт алдында марапатқа ие болды.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу