Атырауда «Болашақ» стипендиясының 25 жылдығына орай «Халықаралық білім көрмесі» өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда «Болашақ» стипендиясының 25 жылдығына орай «Халықаралық білім көрмесі» өтті

14.11.2018

Мұнда 40-қа жуық елден жоғарғы оқу орындарының өкілдері келді. Олар білімге құштар жастармен пікір алмасып, ізденіс жолында бағыт-бағдар берді. Осы ширек ғасыр ішінде 13 мыңнан астам  шәкіртақы тағайындалып, 10 мыңнан астам маман оқуын тәмамдап, елге оралған. 

Аслан Нуриянов шетелде білім алғысы келеді. Орта білімін терең етіп, білікті маман болуды көздейді. Ол бүгінгі көрмеде чехиялық университеттерге қызығушылық танытты. 

Аслан Нуриянов, студент:

- Менеджмент мамандығын оқып жатырмын. Бұл жәрмеңке жастарға үлкен мүмкіндік береді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері әлемнің озық 70 университетінде білімдерін жетілдіріп келеді. Нәтижесінде бәсеке қабілетті мамандар даярлауда. Шетелдіктер қазақстандық жастардың оқуға деген талпынысын жоғары бағалайды.

Елена Шаповалова, Украина мемлекеттік білім орталығының директоры:

- Кезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украинада білім алған. Бүгінде біздің елдегі жоғарғы оқу орындарында 100-ге жуық қазақстандық студент оқуда. Олардың білім алуға деген қарым-қабілеті өте жоғары деңгейде.

Көрмеде түрлі саланы қамтитын 200-ден астам оқу орны түлектерге арнайы бағдарламаларын ұсынды. Бұл өз кезегінде әр жастың шетелде ақысыз білім алуына сеп болмақ.

Жанболат Мелдешов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті:

- Сапалы білім міндетті түрде ақылы болуы шарт емес. Франция, Германия сияқты дамыған елдерде жоғарғы білімді тегін алуға болады. Біздің орталық тікелей дамыған елдердің озық университеттерімен келіссөздер жүргізіп, Қазақстан азаматтарына 20 мың грант беретін болып келістік. Биылғы жылы сол гранттың санын 40 мыңға жеткіземіз деп отырмыз.

Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен 1600-ден астам отандасымыз шетелде білім алуда. Оның 26-сы атыраулық студент. Алдағы уақытта осы көрсеткішті еселеу үшін білім көрмелері жиі өткізіліп тұрмақ. 

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу