Басты Жаңалықтар Алматы облысында ауыл тұрғындары су каналын жөндеу жұмысының жобасына қарсы

Алматы облысында ауыл тұрғындары су каналын жөндеу жұмысының жобасына қарсы

Алматы облысында үш бірдей ауылдың тұрғындары каналды жөндеу жұмысының жобасына қарсы. Өйткені, құрылысшылар ұзындығы 70 шақырымнан астам су арнасын қалыңдығы 1 миллиметрдей ғана жұқа материалмен қаптамақ. Ал, судың зардабын талай жылдан бері тартып келе жатқан жандар «бұл материал көпке шыдамайды», - деп шырылдап отыр.

Ауылдықтарды алаңдатқан мәселе – каналға төселіп жатқан көк жабынды. Қалыңдығы 1 миллиметрдей ғана бұл материал «геомембрана» деп аталады. Халық су арнасын геомембранамен жапқанға қарсы. Өйткені, аймақтың климаттық жағдайына сай емес. «Оны тіпті, малдың тұяғы да жыртып кетуі мүмкін, бұл механикалық тазалауға келмейтін зат», - дейді тұрғындар.

Мұхтар Мұсаев, ауыл тұрғыны:

- Жұп-жұқа нәрсе, ертең-ақ, көктемге жетпей жоқ болады. 50 градус ыстық пен 40 градус аязға шыдайтынына кім кепілдік береді?!

Бұл канал - үш ауылдың су алатын жалғыз көзі. Бойында 13 мың гектар суармалы жер бар. Бір Айдарлы ауылының өзі 50 мың қой, 5 мың жылқы, 3 мың сиыр бағып отыр. Канал көп жылдан бері қараусыз жатқандықтан, халық судан қиналып келген. Ал, биыл министрліктің шешімімен арнаны жөндеуге ақша бөлінгенде қатты қуанған. Бірақ, мына жағдайдан кейін көңілдері су сепкендей басылыпты.

Ырықсы Елдесова, ауыл тұрғыны:

- Көріп тұрсыздар, өтірік целлофан қойып кетіпті. Жиналыста сұрағанымызда «тендерді целлофан зауыты ұтып алды», деді. Сонда осы тендерді цемент зауыты неге ұтпайды?

Аманкелді Сейтхан, тілші:

- Бұл су арнасының бастау алар тұсы. Көріп тұрғандарыңыздай, каналдың бас жағы осыдан 30 жыл бұрын цементпен құйылған арнайы тас төсендімен жабылған. Бірақ, мұның ұзындығы 23 шақырым ғана. Ал, каналдың жалпы ұзындығы 72 шақырым. Сондықтан, ауыл тұрғындары осы жерден ары қарай тағы да тас төсендімен жауып берсе деп сұрап отыр.

Канал суының тұрақты ағуына тағы бір кедергі дюкер. «Ауылда тиісті техника болмаған соң тереңдігі 16 метрлік құбырды тазалауға да мүмкіндік жоқ», - дейді олар.

Еркін Тасыров, ауыл тұрғыны:

- Біреуі бітеу, қысыммен зорға шығады.

Канал құрылысына жауапты мамандар «жұмысты жобалау институты мақұлдаған сметалық құжатқа сәйкес орындап жатырмыз», - дейді. Оның үстіне геомембрана кем дегенде 10 жылға шыдайды, сондықтан, халықтың қорқуына негіз жоқ. «Өйткені, канал жөндеуден өткен соң су ешқашан үзілмейді», - деп отыр.

Орынтай Байтұрсынов, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының директоры:

- Ол климаттық жағдайға шыдайды. Оның үстіне, біз каналды құрғақ ұстай алмаймыз. Сондықтан, жылдың соңында су тоқтағаннан кейін, су қоймасы толғаннан кейін жыл он екі ай су жіберіп қоямыз.

Маманның айтуынша, осы жобаға 1 млрд. 900 млн. теңге бөлінген. «Ал, жұмысқа соның 1 млрд. 65 млн. теңгесін жұмсаймыз», - дейді. Яғни, 900 млн. теңгені үнемдеп, бюджетке қайтармақ. Ал, судың зардабын әбден тартқан жергілікті халық ақшаны үнемдейміз деп, екі жұмыс қылмай, каналды бірден сапалы түрде жөндеп беруін сұрап отыр.

 

Аманкелді СЕЙТХАН  

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу