«Арселор Миттал Теміртау» компаниясында болған апаттың себебі анықталуда

12.11.2018

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты металлургия комбинатында болған апаттан 5 адам зардап шеккен. Оның екеуі жеңіл жарақаттанған. Ал, үш жұмысшы денсаулығына байланысты уақытша демалысқа жіберілді. Апат кезінде екі металлург басынан жарақат алса, үшіншісінің саусағы сынған. «Өмірлеріне айтарлықтай қауіп жоқ», - деді компанияның атқарушы директоры.

Өткен сенбі, яғни, қарашаның 10-ы зауыттың әктас өртеу цехының жанындағы газ құбырынан өрт шыққан. Тілсіз жау конвертер цехы ғимаратының құрылысына зақым келтірді. Оның үстіне көпір краны, дайын өнімді құю машинасы, су өңдеу жабдығы құлаған. Сонымен қатар, су, бу, газ құбырлары, кабельдік өнім бүлінді. Бірнеше цех жұмысы тоқтады. Қазір оқыс оқиғаның себебін анықтау үшін Инвестициялар және даму министрлігі тарапынан құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр.

Вадим Басин, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры:

- Ең бастысы, мерт болған адам жоқ. Жұмыстан қайтып бара жатқан 5 жұмысшы түрлі жағдайда зақым алған. Апаттың салдарынан болған зардаптарды жойып, өндірісті іске қосу үшін 3 апта керек. Ал, цехтар мен құбырларды толық жөндеп шығуға 1 ай уақыт кетеді. Қазір министрліктің өндірістік қауіпсіздік жөніндегі комитетінің басқаруымен мемлекеттік комиссия сараптамалық тексеріс жүргізуде. Он күн мұғдарында шешімі жариялануы тиіс. Егер сараптама үшін қосымша уақыт керек болса, одан да ұзақ күтуіміз мүмкін.

Айқын Жиенқұлов, ҚР ИДМ Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті басқарма басшысы:

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясында апат орын алды. Газ, су, қысым беретін құбырлар зақымдалды. Бүгінгі күні конверторлық цехтың жұмысы тоқтатылды. Инвестициялар және даму министрлігімен комиссия құрылып, мән-жайлары анықталуда.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу