Ақмола облысының кәсіпорындары жұмысшыларының жалақысын көтеруді көздеп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының кәсіпорындары жұмысшыларының жалақысын көтеруді көздеп отыр

05.11.2018

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ақмола аймақтық кеңесінің отырысында 20-дан астам бизнесмен алдағы 2 айда қызметкерлерінің еңбекақысын 10-20 пайызға арттыруға дайын екендерін мәлімдеді.

Көкшетаудағы «Тыныс» зауытында еңбек жолын жұмысшы болып бастаған Саян Боташов бүгінде білікті маман. Өндірісті дайындау бойынша инженер брондалған киімдердің талапқа сай тігілуін қадағалайды. Кезіндегі төменгі жалақыдан еселеп артып келе жатқан еңбекақы таяуда тағы өспек. 

Саян Боташов, «Тыныс» АҚ өндірісті дайындау бойынша инженері:

- Менің «Тыныс» акционерлік қоғамында жұмыс істеп жүргеніме 6 жыл болды. Жылдан-жылға жалақымыз көбейіп келеді. Мысалға, 2017 жылмен 2018 жылды салыстыратын болсақ, 10-15 пайызға өсті. Жалақыны тағы көтереді деп естіп жатырмыз. Ол біз үшін, отбасымыз үшін жақсы хабар. Сондықтан, өте қуаныштымыз.

Акционерлік қоғамда 700-ден астам адам қызмет етеді. Қазір кәсіпорында ең төменгі жалақы алатын жұмысшы жоқ. Өндіріс ошағындағы ең аз айлық, шамамен 60 мың теңге. Түрлі әлеуметтік қаржылық қолдау да қарастырылған.

Қайрат Қалманбаев, «Тыныс» АҚ Бас директоры:

- Кәсіпорын әрмен қарай да жалақы мәселесін көтеруді жоспарлап отыр. Өткен айда орта есеппен жалақы 160 мың теңге болса, жұмысшылар арасында қазір 170 мыңға дейін көтерілді. Жылдың аяғына дейін жоспар бойынша 180 мыңға дейін көбейтеміз деген ойдамыз. 

Жалақыны көтеруге дайын кәсіпорындардың қатарында ірі өндіріс ошақтары, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылар және қайта өндеу саласындағы зауыттар бар. Ал, облыстағы орташа жалақы 115 мың теңге. Бұл республикалық деңгейден едәуір төмен. Кәсіпорындардың еңбекақыны өсіруі бұл көрсеткішке де оң әсер етері анық.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу