Маңғыстаудағы жаңа ашылған индустриалды парк бос тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудағы жаңа ашылған индустриалды парк бос тұр

01.11.2018

Маңғыстаудағы индустриялық парк қаңырапбос тұр. Миллиондаған теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асады деген арнайы аумақ өз-өзін ақтамады. Себебі, өндіріс алаңына қызығушылық білдіргендер некен-саяқ. Былтыр ашылған нысан 28 бизнес субъектісіне шақталғанмен, қазір паркте бар-жоғы 2 шағын кәсіпорын ғана жұмыс істеуде.

Индустриялды парк Ақтау қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан. Бұрын бұл жерде пластмасса зауыты болды. Сондықтан, арнайы аумақта инфрақұрылым әу бастан бар.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Индустриялық парктің аумағы 213 гектарды құрайды. Мұнда бұрынғы зауыттан қалған ғимараттар бар. Оларға су, тоқ, газ жүргізілген. Сондай-ақ, бұл жермен теміржол өтіп жатыр. Алайда, инфрақұрылым жүйесіне 40 жыл болған. Сондықтан да болар, арнайы аумаққа қызығушылар саусақпен санарлық.

Паркте екі-ақ мекеме жұмыс істейді. Олардың бірі құрылысқа қажетті бұйымдар шығарса, енді бірі токарлық сервистік қызмет көрсетеді. Жұмыскерлер «арнайы аумақта қажеттінің бәрі бар», дейді.   

Қуаныш Ағлепесов, шебер:

- Бұл жақта теміржол, жол, күзет қызметі бар, барлығы берілген. Орнымыз да өте жақсы жеңілдіктермен беріліп жатыр. Ғимаратымыздың сапасы жақсы.

Арнайы аумақ ашылғанда өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді деген сенім болған. Қазір кәсіпкерлерге қызметтік кеңселердің шаршы метрі 1683 теңгеден, ал, өндірістік орындардың шаршы метрі 300 тенгеден беріледі. Жобаның көлеміне қарай жеңілдік те жасалады. Мәселен, кейбір мекемелер үшін коммуналдық төлем арзандатылды. Соған қарамастан, индустриалды парктегі жүздеген шаршы метрлер құр босқа тұр.

Қанат Төлепов, Маңғыстау индустриялық паркі басшысының орынбасары:

- Инвесторлар индустриялық парк туралы біле беремейді. Сондықтан, біз сайт аштық. Ондағы мәліметтерді қолжетімді және түсінікті етіп орналастырдық. Көп ұзамай жағдай оңалады деп ойлаймын.

Арнайы аймақтағы жұмысты жандандыру үшін парктің инфрақұрылымы жаңартылатын болды. Ол үшін қайта жаңғырту жобасы жасақталуда. Тығырықтан шығу үшін парк басшылығы жер учаскелерінің жалға беру құнын да төмендетуді жоспарлап отыр.

 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу