Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласында цифрландыру сәтті жүзеге асып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласында цифрландыру сәтті жүзеге асып жатыр

31.10.2018

Мәселен, «АЙС» сүт фермасында жұмыстың бәрі бастан-аяқ автоматтандырылған. Шаруашылық мал азығын дайындауда да жаңа технологияны пайдаланып отыр. Ал, еншілес сүт зауытынан шығатын өнімдер аймақ жұртын түгел қамтып қана қоймай, Ресейге экспортталады. Алдағы уақытта орталық Азия нарығына шығу көзделген.

Мәртөк ауданында орналасқан сүт фермасындағы 2 мыңнан аса асыл тұқымды сиырдың 800-і сауылды. Серіктестік жылына 7 мың 200 тонна сүтті зауытқа жеткізіп отыр.

Асылбек Ертілеуов, сауыншы-оператор:

- 40 сиырдан кіреді. Үш мезгіл сауылады. Күніне енді 30 литрден беріп тұрады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Шаруашылық мал азығын сырттан сатып алмайды. Соңғы 2-3 жылдан бері өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отыр. Тамшылатып суару технологиясын енгізудің арқасында жүгерінің әр гектарынан 80 центнер таза дән мен 450 центнер қосымша азық алып келеді.

Шаруашылық өзіне тиесілі 850 гектар жерге мал азығын егеді. Биыл топырақ астынан тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Бұл әдістің ерекшелігі – пластик құбырлар жердің астына көміледі. Әрі оларды 15-20 жылға дейін пайдалануға болады. Жиын-терім жұмыстарына кедергі келтірмейді.

Айбол Сұлтанмұратов, оператор:

- Бізде неге таза өнім деп атайды? Қолдан ешқандай химиялық заттар қосылмайды. Осы жерден зауытқа таза шикізат кетеді.

Бұл шаруашылық 2011 жылы құрылды. Содан бері жаңа технологиялар қолданылып келеді. Заман ағымына сай жаңартылып отырады. Мәселен, сиырдың аяғына орнатылған чиптер арқылы тәулігіне қанша салмақ қосқаны, қанша су ішкені бақыланады. Шаруашылық басшысының айтуынша, дәл мұндай қондырғы елімізде екі серіктестікте ғана бар.

Данияр Отарбаев, сүт фермасының басшысы:

- Толықтай заманауи технологияны қолданамыз. Әр сиырға датчик орнатылған. Сол арқылы малдың белсенділігі, денсаулығы бақыланады. Барлық мәлімет орталық компьютерге түсіп тұрады.

Салқындатылған таза сүт бірден зауытқа әкелінеді. Бұл жерден шығатын өнімдер өңір жұртының сұранысына ие. Сондай-ақ, Ресейдің бірнеше облысына экспортталады. Алдағы уақытта Өзбекстан нарығына шығу жоспары бар.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу