БҚО-дағы бірнеше кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын өсіретін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-дағы бірнеше кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын өсіретін болды

29.10.2018

Батыс Қазақстан облысындағы бірнеше ірі кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы 10-15 пайызға өсетін болды. Президент бастамасына жетекші компания басшылары үн қосты. Әсіресе, табысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге ерекше назар аударылып отыр.

Желаев комбинатында айына 4 мың тонна макарон мен 7 мың тонна ұн өндіріледі. Отандық ішкі нарықтан өзге, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстанға тасымалданады. Кәсіпорында 560 жұмысшы еңбек етеді. Елбасы үндеуінен соң ең төмен жалақы алатын қызметкерлердің табысы 10 пайызға өседі.

Шынар Шүңірекова, технолог:

- Біз италиялық «Паван» фирмасының негізінде макаронның 12 түрін шығарамыз. Сағатына 2 тонна өнім шығарамыз. Президент Жолдауы бойынша біз жалақымызды 10 пайызға өсірді. Тағы да өсіреді деп естіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз.

«Зенит» зауытында тәуелсіздік алған тұстан бері 30-ға жуық кеме құрастырылды. Жетекші кәсіпорын елдің қорғаныс қабілетін нығайтып, шекараны күзетуге үлес қосып келеді. Мұнда мұнай-газ саласына да қажет құрал-жабдықтар дайындалады. Жолдауға сәйкес, тек табысы төмен еңбеккерлердің ғана емес, 722 жұмысшының түгелінің жалақысы артпақ.

Вячеслав Валиев, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ директоры:

- Бізде орташа жалақы - 125 мың теңге. 29 адам ең төменгі, яғни, 51 мың теңге жалақы алады. 1 қаңтардан бастап біз барлық жұмысшының еңбекақысын 10 пайызға өсіреміз. Сонда орташа жалақы 140 мың теңге болады.

Трансформатор зауытында 250 адам еңбек етеді. Биыл кәсіпорын мамандары 7 мың дана өнім шығарған. Жоғары кернеулі трансформаторлар нарықта сұранысқа ие. Өнімнің 90 пайызы экспортталады.

Ақжол Сауранбаев, зауыттың басқарушы директоры:

- Ең төменгі жалақы – 70 мың теңге. Биылғы жылдан бастап жалақыны 10-15 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, егер де зауыт жұмысшысы сәбилі болып жаста, біз бұрын 150 мың теңге үстемақы беретін едік, қазір 250 мың теңгеге көтердік.

Ірі кәсіпорын басшыларының бастамасын өңірдегі өзге де өндіріс орындары қолдауға әзір.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу