Жезқазған аймағының қазба байлығы зерттеуді қажет етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған аймағының қазба байлығы зерттеуді қажет етеді

03.06.2014
Жезқазған аймағының қазба байлығы зерттеуді қажет етеді
Жезқазған аймағында өндіріс жұмыстарын арттыру үшін жаңадан кен барлау жұмыстарын жүргізу керек. Өкінішке қарай, қазір өңірде ауқымды барлау жұмыстары тоқтап тұр.
 
Жергілікті ғалымдардың айтуынша, Жезқазған аймағында қазба байлықтың қоры әлі де мол. Тек зерттеу жүргізіп, оны дәлелдеп құжаттау керек.
 
Мәлік Омаров -  геолог ғалым. 58 жылын Жезқазған аймағының тау-тасын зерттеумен өткізген. Қазір 79 жаста. Қырағы көзі әлі де құрамында металы бар тастарды жазбай таниды.
 
Мәлік Омаров, геолог ғалым:
Ең оңайы оған көп білімнің қажеті жоқ. Қолыңа түссе мыс деп айта саласың.  Қалай, мынаның қай жері мыс? Мынау көк ішінде мысы бар. Азурит, малахит мыстың минералы.
 
Қазір зейнетте болғандықтан қолында үлкен билік те жоқ. Соған қарамастан ғылыми жұмыстарын бір сәтке де тоқтатқан емес. Үнемі аймақты зерттеген ғалымдардың жұмысына өзінің ғылыми сараптамасын жүргізіп отырады. Соның арқасында бұл жерде күмістің де бай қоры бар екеніне кепілдік беріп отыр.
 
Мәлік Омаров, геолог ғалым:
Енді сараптама беріп отыр ғой. Химиялық сараптама. 7 ұңғыманың біреуі бос емес. 150, 200, 400 грамм бар. Мен 962 деп көгін ғана айтып отырмын. Күміс бар екеніне сөз жоқ. Тек қана астын тесу керек.
 
Ғалымның қатарлас достары да осы мәселемен бас қатырып жүр. Геологиялық барлау жұмыстарына қайтадан көңіл бөлінсе екен дейді. Өйткені, бұл сала қазір тоқырап тұр. Білікті ғалымдардың жасы сексенге тақады. Ертең олармен бірге барлау жұмыстарының қыр-сыры мен құпиясы да кетіп қалуы мүмкін.
 
Василий Кажимир, геофизик:
Жезқазғанның қойнауы сарқылды деп кесіп айтуға әлі ерте. Бұл жерді қайтадан көтеруге әбден болады. Ол үшін ақсақал ғалымдарды жинап және олардың қасына міндетті түрде жастарды қосып, барлау жұмыстарын жүргізу керек. Ол үшін біз бар білімімізді, қажыр-қайратымызды беруге дайынбыз.
 
Жалпы бұл аймақтың халқы кен өндірумен ежелден айналысады. Өңірде мал шаруашылығынан бұрын осы кен өндіру басты кәсіп болған. Ғалымдар сол іс қайта түлеп, қарқынды жүргізілетініне сенімді.
 
 
Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу