ЕАЭО туралы шарттың мәні түсіндірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕАЭО туралы шарттың мәні түсіндірілді

02.06.2014
ЕАЭО туралы шарттың мәні түсіндірілді
Еуразиялық экономикалық одақ Владимир Путиннің құпия жоспары емес. Мұны «өткенге оралу», деп жүргендер қателеседі. Егер дәл осылай болса, одаққа ешкім қосылмас еді.
 
Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов еліміздегі дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуінде айтты.
 
40-тан астам дипломат қатысқан жиында алыпқашпа пікірлерге талдау жасалып, одақ аясындағы сан сұрақтарға жауап берілді.
 
Бүгін Сыртқы істер министрлігіне еліміздегі Елшіліктер мен халықаралық ұйым өкілдері түгел жиналды. Оларға Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың мәні түсіндірілді.
 
Алдымен Ерлан Ыдырысов одақ жабық ұйым емес екенін, ынтымақтастық орнатуға дайын және мүше мемлекеттердің сыртқы саясаттағы еркіндігіне ешкім бөгет бола алмайтынын жеткізді.
 
Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
Стэнфорд сарапшылары біздің одақ Еуропалық одаққа қарсы тұратынын айтып жатыр. Жоқ, біз сауда мен инвестиция саласындағы экономикалық мәселелерде Еуропалық одақпен әріптестік орнатқымыз келеді және бұл ашық әрі анық саясат. Үштік одақ жетекшілері келешекті Еуроодақпен және Қытаймен тығыз экономикалық серіктестікте елестететінін айтқан. Мұны сіздер жақсы білесіздер. Айдап салатын ойлар мен мәлімдемелерден аулақ болыңыздар.
 
Астанадағы дипломатиялық миссия өкілдері соңғы теңге бағамының өзгеруінен 40 пайызға жуық инвестицияларын жоғалтқанын айта келе, «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт ұлттық валютаның өзгеруіне алып келмей ме?», деген сұрақтарын қойды.
 
Бұған Сыртқы істер министрі «Шартқа қол қойылуының салдарынан рубльдің, теңгенің немесе беларусьтық валютаның девальвациясын тудыратын қандай да бір себеп жоқ. Керісінше, біздің экономикалық әлеуеттің нығаюы валюталардың тұрақтылығын күшейте түседі», деп жауап берді.
 
Аурелио Бушез, Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы:
Еуроодақ үшін, Еуроодаққа мүше елдер үшін ашықтық пен көрегенділік маңызды. Дәл осындай ашықтықты біз таяуда ғана қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ шартынан көріп отырмыз. Бұл жаңа одақта халықаралық рейтингке сәйкес келетін бизнес және инвест климатты жақсартатын жүйелі механизмдер бар. Алда Еуроодақпен байланысы нығаяды деп сенемін. 
 
Айта кетейік, Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа 29-мамырда Астанада қол қойды. Бұл одақ 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыс істейді.  
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу