Бақыт Сұлтановтың Астана әкімі қызметініне кіріскеніне бір апта болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақыт Сұлтановтың Астана әкімі қызметініне кіріскеніне бір апта болды

18.09.2018

Бұрынғы Қаржы министрі қазіргі Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Әсет Исекешевтің жұмысқа таксимен қатынау жобасын жалғастыра ма? Бұл сұрақты бүгін тілшілер қауымы Бақыт Сұлтановтың өзіне қойды. Тағайындалғанына тура 1 апта болған қала басшысы қандай жұмыстар атқарып үлгерді?

Қала тұрғындары қытымыр қыстың қаһарына ілінбес үшін алдымен жылу, жарық, су үзіліссіз берілуі керек. Осыны ескерген Бақыт Сұлтанов тағайындалысымен шаһарды аралап, жылыту маусымына дайындығын көзімен көрді. Осы ретте қала халқына алғашқы уәдесін де берді.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Дайындық жүйелі де оперативті жүргізіліп келе жатыр. Сондықтан, ешқандай проблемаға жол бермейміз деп тұрғындарды сендіргім келеді.

Бүкіл әкімдікті қымбат қызметтік көлікпен емес таксимен жүргізген бұрынғы әкімнің бастамасы жолда қалмайтын болды. Жұмысқа жаяу қатынаса да қала ішінде қызмет бабымен таксимен жүретінін айтты қаланың жаңа басшысы.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Бұрынғы әкімдікте қабылданған прогрессивті идеяларды қалдыруға болмайды. Оларды жалғастыру керек. Сондықтан, жаңа инновациялық, креативтік идеяларды тоқтатпай оларға ары қарай жол ашып, нақты нәтижелерге жеткізу менің міндетім деп есептеймін.

Осы аптаның ішінде Астанадағы ірі құрылыс нысандары мен жолдарды да аралап үлгерді жаңа әкім. Жағдайды зерделеген соң шаһарды дамытудың 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарын құруға кірісіп кетті әкімдік мамандары. Қаншы жыл қаржы саласында жүріп, әкім қызметіне тұңғыш рет кіріскен Бақыт Сұлтанов қаланың түйткілді мәселелерін қиналмай шешеді, деп сенеді астаналықтар.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу