Жамбыл облысындағы жүн өңдеу фабрикасы тауар айналымын ұлғайтуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы жүн өңдеу фабрикасы тауар айналымын ұлғайтуда

02.06.2014
Жамбыл облысындағы жүн өңдеу фабрикасы тауар айналымын ұлғайтуда
Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы экономикалық ықпалдастық  Жамбыл облысындағы жүн өңдеу фабрикасының тауар айналымын ұлғайтуға мейілінше жағдай жасады.
 
Осы кезге дейін жүнді жуып, тазалаумен ғана шектеліп келген кәсіпорын биылдан бастап, тоқыма өнеркәсібіне қажетті жіп иіріп шығара бастады.
 
Кедендегі кедергілер алынып тасталғандықтан, кәсіпорынның өз өніміндерін одақ құрамындағы елдерге емін-еркін саудалауына мүмкіндік туды. 
 
Жаңадан іске қосылған цех 1000 тоннаға дейін қалыңдығы әртүрлі жіптерді иіреді. Қалыңдарынан төсеніш-жамылғылар жасалса, жіңішке иірілген жіптерден мата тоқылады.
 
Оған қосылатын синтетикалық талшық Беларусь елінен әкелінеді. Былтыр фабрика осы өнімнің 20 тоннаға жуығын сатып алған. Осылайша, тоқыма кластерін дамытуға Кедендік одақ аясындағы экономикалық ықпалдастық сеп болды.
 
Шәймерден Ысмайылов, цех басшысы:
Тігін өндірісіне арналған жіптердің барлығы меринос қойдың жүнінен. Олардың қалыңдығы - 20-25 микрон. Ал, жамылғы шығаратын жіптердің қалыңдығы 28-30 микрон болып есептеледі.
 
Әзірге шығарылған өнім Қырғыз елі, Беларусь пен Ресейге жөнелтіліп жатыр. Бұл елдермен арадағы алыс-беріс тек бұл емес. Фабрика биыл 286 тоннаға жуық түтіліп, тарақталып, шүйкеленген жүн дайындауды жоспарлап отыр. Оның біраз бөлігі  ресейлік кәсіпорындардың тапсырысы.
 
Бақыт Сүйінбаев, зауыттың бас инженері:
Келісімшарт бойынша тамыз айына дейін Ресейдің Моршанск қаласындағы тоқыма фабрикасына 50-60 тоннаға жуық жіп өнімін өткеруге тиістіміз. Есесіне Ресейдің тоқыма фабрикасы бізге 1000 данаға дейін дайын бұйым өндіріп береді.
 
Фабриканың қуаттылығын есепке алсақ, мұнда шикізат ретінде жылына шашамен 2 мың тоннадан астам биязы жүн өңдеуге болады. Кәсіпорын енді өз өнімін шикізат күйінде экспортқа жөнелткенді доғарып, тоқыма кластерін қалыптастыруға талаптанып жатыр. 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу